Қазақстандық ғалымдар Гарвард университетінде қолжазбалармен жұмыс істеу әдістерін зерттеді

2 535

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі«Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» жобасы аясында қазақстандық ғалымдар делегациясы АҚШ-тың Бостон қаласындағы Гарвард университетіне ғылыми іссапармен барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ондағы негізгі мақсат – Қазақстанның тарихи қолжазбаларын реестрлеу, ғылыми каталогтау және цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу, сондай-ақ Гарвард университетінің және Дэвис орталығы ғалымдарымен тығыз байланыс орнату, жетекші сарапшылармен пікір алмасу және ғылыми мәселелерді талқылау, ортақ ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру мәселесін талқылау.

Ғалымдар Гарвардтың Дэвис орталығы мен Хоутон, Вайденер кітапханаларының мамандарымен кездесіп, сирек қолжазбалар қорымен, каталогтау және цифрландырудың заманауи тәсілдерімен танысты. HOLLIS жүйесі арқылы Орталық Азияға қатысты ислам дереккөздерінің базасымен жұмыс жүргізді.

Кездесулер барысында бірлескен семинарлар, воркшоптар, ғылыми жобалар және шағатай тілін оқыту бағытында жаңа серіктестік, Қазақстанға Гарвард ғалымдарының сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар Гарвард ғалымдары ғылыми жоба аясында шағатай тілінің онлайн сөздігін әзірлеу туралы бастаманы ұсынды. Бұл халықаралық деңгейдегі бірегей ғылыми өнім болмақ.

Іссапар Қазақстан ғалымдарына сирек қолжазбалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгеруге, халықаралық ғылыми желіні кеңейтуге және жоба нәтижелерін жаңа деңгейде іске асыруға мүмкіндік берді.