Бүгін - Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні
2 543
114 жыл бұрын (1912-1993) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхаммед Ахметұлы ҚОНАЕВ дүниеге келген, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
1936 жылы Мәскеудің Түсті металл институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған. 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры қызметтерін атқарған. 1939 жылдан «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарған. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет еткен. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. 1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалған. Бұған наразы болған қазақ жастарының көтерілісі Желтоқсан оқиғасына ұласқан. Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иман жүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік қайраткер, нағыз ұлт қайраткері екенін көрсеткен. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-і күні 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.







