Қызылордада Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған күйшілер байқауы өтті
Сырдария ауданында қазақтың данқты күйшісі, халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Күмбірле домбыра» тақырыбында аудандық күйшілер байқауы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аталған байқауға Сырдария аудандық мәдениет үйіне қарасты 4 мәдениет үйі және 2 клуб үйінен 9 өнерпаз қатысты. Байқау барысында күмбірлеті күй тартқан күйшілер өзара кіл мықтыны анықтады. Өз кезегінде әділ қазылардың шешімімен үздік өнер көрсеткен шіркейлілік Айдарбек Жарқынбек бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар асқарлық Азиз Темірбек І орынды, сәкендік Нұрсат Кеңесбай ІІ орынды, шағандық Раушан Ерболатова мен асқарлық Ақәділ Пернебаев ІІІ орынды жеңіп алды.
"Бүгінгі аудандық байқау жоғары дәрежеде өткізілді. Менің қос оқушым жүлделі орын алып, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл ретте, «Арт спорт» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан үйірме жұмыстары балалардың қабілетін ашуға барлық жағдай жасауда. Мәселен, менің оқушыларым «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығына қарасты «Домбыра» үйірмесіне қатысып келеді. Жалпы, аудандық облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар баланы барынша шыңдай түседі. Сырдария ауданы бойынша мықты күйшілер тәрбиеленіп келе жатқандығын анық аңғардық", – дейді «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Сералиева.
Бұл ретте, жоғарғы нәтиже көрсеткен өнерпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырылды.