Шымкентте Жұмат Шанинге ескерткіш орнатылды

309
Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанинге арналған ескерткіш ашылды,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Еңселі ескерткіштің ашылауына қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары мен Ж.Шаниннің ұрпақтары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ұлттың ұлы тұлғаларына құрмет көрсету перзенттік парыз екенін алға тартқан М.Әйтенов жиылған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

«Шымкент театры Жұмат Шанин есімін 1972 жылы иеленді. Араға 50 жылдау уақыт салып, театр алдына қайраткердің еңселі ескерткіші тұғырға қонды. Қазақ театр өнерінің ұстазы болған тұлғаның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Жұмат Шанинге құрмет көрсету арқылы біз мәдениет қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз. Ұлт тарихындағы алғашқы кәсіби театр маманының өмірлік танымы – өскелең ұрпақтың бой түзер бағыты болатынына сенімдімін», - деді қала әкімі.

Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының алдына орнатылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосқанда 5 метрге жуықтайды. Авторы – мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Әбдуахат Мұратбаев. Биыл тұңғыш қазақ театр өнерінің негізін қалаған, оны кәсіби деңгейде қалыптастырған Жұмат Шаниннің туғанына биыл 129 жыл толды.