Қазақ-жоңғар соғыстары: батырлар институтының рөлі

93

Бүгін облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Қазақ-жоңғар соғыстары: батырлар институтының рөлі» атты дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Дөңгелек үстелді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы жүргізді.


Алмасбек Әбілқасымұлы өз сөзінде 

«1723 жылдың көктемінде басталған жоңғарлардың жаулап алу жорығы қазақ халқының тарихына «Ұлы апат жылдары» - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен енгенін және де Ұлы дала төрін жоңғар басқыншыларынан азат ету оқиғалары халықтың тарихи жадында мәңгіге қалды.


Ақтастыдағы, Бұланты жеріндегі «Қалмақ қырылған» шайқастары, Аңырақай шайқасы қазақ халқының тарихи өткен кезінің қаһармандық символына айналды. Ел басына күн туған сәтте батырлардың қоғамдық-саяси рөлі артты. Сыртқы жаудан қорғану, елдің ішкі бірлігін сақтау сияқты күрделі мәселелерде батырлар елдік мүдде тұрғысынан бірікті.


Ел басына күн туған сәтте халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ортақ жауға қарсы отан соғысында тәуелсіздік туын жықпады» - деп атап өтті.


XVII-XVIII ғасырлардағы қоғамдық-саяси оқиғалар мен күрестер Тәуелсіз еліміздің ұлттық тарихи жадында ерлік пен өрліктің ерен үлгісі болып қалады.


Шараға Қорқыт ата университетінің профессор - ғалымдары Сәтбай Тастанбек Яхияұлы, Әбілов Алдажар Әбдресуллаұлы, Ахметбек Бақытжан Мұхарамұлы және ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Еңсенов Қанат Әлібекқлы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Еңсепов Бауыржан Бердіқожаұлы қатысып, баяндамаларын жасады.


Шараның мақсаты ұлттық тарихи жадыны жаңғыртумен қатар, жастарды тарихымызды білуге, әскери-патриоттық тәрбелеу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге, өскелең ұрпақтың бойында өз Отанын қорғауға дайын ел азаматтарының өнегелік қасиеттерін қалыптастыруды көздейді.