Coupe Mondiale 79 халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауы басталды

2 507

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіАстанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Coupe Mondiale 79» халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының (CIA) басшылығы мен делегаттары, халықаралық қазылар алқасының мүшелері, байқауға қатысушылар, отандық және шетелдік музыка мамандары мен өнерсүйер қауым қатысты.

Ашылу рәсімінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жеткізді.

Аида Балаева музыка әлеміндегі ең беделді өнер додаларының бірі – «Coupe Mondiale» байқауының Қазақстанда өтуі еліміздің мәдениет саласын дамыту және халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

– Бұл Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азияның мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Ұзақ жылдар бойы дүниежүзінің таңдаулы орындаушыларын бір арнаға тоғыстырып келе жатқан байқау кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденістің беделді алаңына айналды. Биыл әлемнің қырыққа жуық елінен өнер майталмандары мен дарынды жастардың, сарапшылар мен ресми делегациялар өкілдерінің қатысуы оның халықаралық мәртебесін айғақтайды. Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы басшылығы мен беделді өкілдерінің елімізге келуі де Қазақстанның мәдени әлеуетіне көрсетілген зор сенімнің белгісі деп білемін. Бұл қазақстандық жас музыканттардың кәсіби шеберлігін шыңдап, халықаралық тәжірибе жинақтауына және әлемдік сахнаға шығуына жаңа мүмкіндіктер ашады, – делінген құттықтау хатында.

Салтанатты ашылу рәсімі бірнеше күнге жалғасатын халықаралық музыкалық доданың ресми басталуын айшықтады. Алдағы күндері қатысушылар жеті аталым бойынша өзара сынға түсіп, әлемнің жетекші музыка мамандары мен халықаралық қазылар алқасының алдында өнер көрсетеді.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.