«TURKTIME» тағылымы

2 502

Фото: Turkistan.kzТүрік мемлекеттері ұйымының Астанада биыл 3 қарашада өткен мерейлі Х саммитінде «TURKTIME» ұраны айтылды,-  деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Астана төрінде еларалық Түркі ака­де­миясының ұйымдастыруымен «Бауыр­лас­тық тамыры: тұлғалар ғибраты» атты ха­лықаралық конференция өтті. Мем­ле­кет және қоғам қайраткерлері, Парламент депу­таттары, ғалымдар, елшілік, мә­де­ниет ұйым өкілдері қатысқан мәртебелі жиын­да Афет Инанның «Ататүрікті еске ал­ғанда» (қазақ тілінде), Гасан Гаса­нов­тың «Ұлт көшбасшы, жарқын тұлға – Гейдар Әлиев» (түрік тілінде) және «Кемел Тоқаев: қаламгердің өмір жолы» (түрік тілінде) кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. 


Тарих қойнауына көшіп бара жатқан 2023 жы­лы Түркия Республикасының ғасырлық тойы Түркияда, сонымен бірге түркі әлемінде үлкен ауқымда аталып өтті. Қазақ елінің 1991 жы­лы жарияланған тәуелсіздігін әлемде бірін­ші мойындаған мемлекет – Түркия екенін біл­еміз. Бауырлас Түркия ғасыр бұрын Мұс­тафа Кемал Ататүріктің көшбасшылығымен өзін республика деп жариялап қайта түледі. Сол кезде 13 миллион ғана тұрғыны бар Түр­кия­ның халқы бүгінде 80 миллионнан асты. Ол деректі Түркі мемлекеттері ұйымы Ақ­сақал­­дар кеңесінің бұрынғы мүшесі, ғалым Әділ Ахметов мысалға келтірді. Бір ғана түрік тілінде сөйлейміз деп ұйысқан Түркия жұрты ғасыр өткенде көптеген маңызды салада табысқа қол жеткізді. Адамзат тарихындағы өркениеттердің алмасуын терең зерттеген түркітанушы Әділ Ахметов ілгері ғасырда Қа­зақ елінің де жұлдызы жарқырай беретініне сенім артты. Түрік мемлекеттері ұйымының Астанада биыл 3 қарашада өткен мерейлі 

Х саммитінде «TURKTIME» ұраны айтылды. Бұл стратегиялық даму жолды ұсынған күллі түріктің қара шаңырағында қалған Қазақ елі болғанын мақтан етеміз. 

Халықаралық Түркі академиясы 2010 жылдың 20 мамырында Астана қаласында «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен ғылыми конференцияда құрылды. Қазақстан және Түркия мемлекет басшылары қатысқан жиынды ұйымдастыруға ол кезде Көкшетауда қызмет істейтін біз де тартылдық. Түркі ака­де­мия­сының президенті болып Ресейдің де, Түр­кияның да түркітанушылары мойын­дай­тын белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев бекітілді. Шәкір Ыбырайұлының басшылығымен Түркі академиясында ашылған күнінен бастап үш жарым жыл қызмет істедік. Туған күнімде өмірге келген Түркі академиясына ықы­ла­сы­мыз бен құрметіміз бір бөлек. Мағжаннан, Алаш мұрасынан сусындап өскен бізде түркі дү­ниесіне, ортақ түркі тарихына, құн­ды­лық­тары мен салт-дәстүріне махаббаты­мыз асқақ еді. Сол құрмет пен ықылас академияда қыз­мет істеген жылдарда еселеніп арта түсті. Түр­кі дүниесінің түпкір-түпкірінде қызмет іс­тейтін көптеген ниеттес, тілектес ғалыммен та­ныстық. Көбімен байланысымыз, дос­ты­ғымыз әлі де үзілмеді. Сондай белгілі ғалым­ның, мемлекет қайраткерінің бірі Әзірбайжан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі, тарих ғылымдарының докторы Гасан Гаса­нов­пен бүгін тағы қауышу бұйырды. Әкелі-балалы Заур мен Гасан Гасановтарды түркітанушы ға­лым­дар жақсы таниды. Гасан Гасановтың «Тарих мақсаты», Заур Гасановтың «Царские Скифы» атты іргелі еңбектері бар.

Көп жылдан бері жақсы танитын құрметті аға­ларды оғыз, қыпшақ, қарлұқ болып есте­лік­ке суретке түсуге шақырдық. Түркі акаде­мия­сының президенті Шаһин Мұстафаев жә­не әзірбайжан Гасан Гасанов, өзбек Насим­хон Рахмонов, қырғыз Осмонакун Ибраи­мов­пен түскен бұл сурет те «TURKTIME» ұраны нақ­ты жүзеге асып жатқанының бір белгісі деп ұйғардық. Түркілік тұтастығымыз ны­ғайып, жан-жақты қарым-қатынасымыз жыл озған сайын лайым арта түссін.  

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?

Енші алып күллі түрік тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?! 

Жарықтық Мағжан жырлап кеткен түркі жұртының қара шаңырағы гүлдене берсін!


Қайырбек Кемеңгер,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі