Францияда қазақ әуендері шырқалды

2 526

Фото: "Тұран" этно-фольклорлық ансамбліФранцияның Бельфор қаласында әйгілі «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі және қазақ өнерінің інжу-маржаны «Гүлдер» ансамблінің қатысуымен «Дала әуендері» атты концерт өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қазақ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы Бельфор залының ресми кестесіне енді. Бұл – өте сирек кездесетін сәт. Сондықтан зал көрерменге лық толды. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Бельфорда екінші мәрте өнер көрсетуде. Бұл жолы жергілікті тыңдарман көп болды. Сондай-ақ аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы франциялық қауым үшін жаңалық болды. 

– Ол біз үшін бір мәртебе, жауапкершілік және үлкен қуаныш. Өйткені біз осындай атақты, белгілі «Тұран» ансамблімен бірге шыққанымыз – бізге емтихан. Шығармашылық бақыт деп айтуға болады, – деді «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Әріпқызы.

Ұлттық аспаптарда дәстүрлі әуендеріміз орындалды. Мың бұралған бишілеріміз бен әншілеріміз жырдан  шашу шашты. Сахнадағы көгілдір экраннан еліміздің көрікті жерлері көрсетілді. Концертке жиналған қауым Қазақстанға виртуалды саяхат жасағандай әсерде болғанын ерекше таңданыспен айтты.