Алматыда тұңғыш рет Бекзат Саттарханов туралы қойылым сахналанды

2 523

Фото: Мемлекеттік қуырша театрынанАлматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Чемпион» қойылымы сахналанды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Театр баспасөз қызметінен атап өткендей, қойылымда Бекзаттың дүниеге келуінен бастап, оның чемпион атағын алған сәтке дейінгі ғұмыры баяндалды. Сахнадағы спортшының болмысы жас жеткіншектерді қайсарлыққа, өжеттілікке, батылдыққа, шыдамдылыққа тәрбиелейді.

Тұңғыш рет сахналаған қойылымның мақсаты – болмысы бөлек бокс шебері, ұлт мақтанышы, аз ғана ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының асқақ рухын қуыршақ образында көрсету.

«20 жастағы кішкентай жап-жас бала, соншама жерге барып олимпиаданың чемпионы болу дегеніміз бұл құдырет. Оның ар жағында бүкіл халықтың тарихы тұр. Оның ар жағында сақтар тұр. Оның ар жағында ғұндар тұр. Оның ар жағында мың өліп мың тірілген Алқакөл сұлама тұр, оның ар жағында көкбөрінің рухы тұр»,- дейді қойылым режиссері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.

Жасөспірімдер аудиториясына арналған драма жанрындағы қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр ардагері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, авторы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, драматург Әлібек Байбол, суретшісі – Юлия Чернова, Ануар Бүркітбаев, музыкамен көркемдеуші – Бақберген Байшығаш, хореографы – Анна Цой.