Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында ұлттық күй бір мезетте ойнайды
Барлық білім беру ұйымдарында ұлттық күй бір мезетте ойнайды, - деп хабарлады "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж 20 наурыз күні сағат 12:00-де өтеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, іс-шара өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын жалғастыруға, балалар арасында домбырада ойнауды насихаттауға бағытталған.
«Домбырашылар челленджінің мақсаты - балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Шараға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Бұл челлендж былтыр алғаш рет өтті. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнады. Бұл еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға. Шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіледі», - дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кетейік, биыл Наурыз мейрамы еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде 14-23 наурыз аралығында өтеді. Осы күндері тақырыптық челлендждер, жалпыұлттық экологиялық акция және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Күй — музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, жетіген, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй — қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау. М. Қашқариға сілтеме жасай отырып, күй сөзінің төркіні "көк" деген түркі сөзінен шығуы мүмкін деген болжамдар бар.
Күй XIV ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Күйлер мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқымет пен әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнек-бояуын тапты. Күйдің мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістері сан алуан. Мысалы, Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді, ал Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделген, Тәттімбеттің күйлері әуейі әсем, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы болса, Қазанғаптың күйлері құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті болып келеді.
Домбыра күйлері параллельді, терция, секундына автомат арқылы тартылады. Параллельді кварталар мен квинталар күйге көркем нақыш-бояу берумен қатар оның әуен-саздылығын өсірелей түседі. Күйлердің көлемі әр түрлі болады. Кейбір күйлердің көлемі 150-ден 200 тактіге (мысалы, Боғданың "Боз төбесі" мен Динаның "Әсем қоңыры", т.б.) дейін жетеді.
Қазақ күйлері өзінің құрылыс абылай тәсіліне, орындаушылық дәстүрін қағыс түріне қарай, негізінен, екі стильдік мектепке бөлінеді. Біріншісі - екпінді қарқынды, музыкалық бейнет жағынан бағдарламалы симфониялық сипатта шығарылатын күйлер (Жантөренің "Шалқымасы", Құрманғазының "Кішкентайы", "Сарыарқасы", Динаның "Бұлбұлы", т.б.), ал екіншісі - терең филос, ой-сырға толы, шертпе күйлер (Тәттімбеттің "Сарыжайлауы", "Көкейкесті" мен "Сылқылдат", Тоқаның "Қосбасары", Сүгірдің "Тоғыз тарауық т.б.). Күйдің идеялық-көркемдік диапазоны кең.
Халық қүйшілері өздерінің шығармаларында адамдарды ("Құдаша", "Айжан қыз", т.б.), жануарларды ("Ақсақ құлан", "Боз айғыр", т.б.), құстарды ("Аққу", "Қоңыр қаз", т.б.), табиғат құбылыстарын ("Ақ боран", "Көбік шашқан", "Сары өзен", т.б.) суреттейді. Бұдан басқа күйлер мазмұнына, характеріне қарай тарихи күйлер ("Ел айрылған", "Ноғайлының босқаны", т.б.), лирикалық күйлер ("Ақ желең", "Байжұма"), аңыз күйлер ("Нар идірген", "Қорқыт", т.б.), қаралы күйлер ("Салық өлген", "Бозінген", т.б.), арнау күйлер ("Абыл", "Дайрабай", "Ғазиз", т.б.) сияқты тақырыптарға бөлінеді. Күй өзінің музыкалық формасы жағынан әр түрлі. Қазақ күйлері ішінен 2-3 бөлімді, сирек болса да 3 бөлімді рондовариациялық синтет. формалардағы туындылар да кездеседі. Күй орындауда қағыс маңызды орын алады.
Қағыс арқылы күйдің ырғақтық мәні мен динамикасын, сыр-сипатын анықтайды. Қол қағыстарында нотаға түспейтін көптеген "сиқырлы" сырлар да бар; олар "жаппай қағыс", "кезек қағыс", "шертпе қағыс", "шұбыртпалы қағыс" болып жіқтеледі. Күйдің көпшілігі - бір бөлімшеде сақталған. Көбіне қолдан қолданылатыны екі бөлікті жөне төрт бөлікті өлшемдер, сондай-ақ 3/4, 3/8,5/8,6/8 т.б. музыкалық өлшемдері де болады. Кей кетерде ауыспалы өлшемдер де кездеседі. Қобыз бен сыбызғы күйлері домбыра күйлеріне қарағанда көп сақталмаған. Қобыз күйлері, негізінен, эпик. мінезде келсе, сыбызғы күйлері табиғат көріністері мен хайуанаттар дүниесін суреттеуге құрылым, оларда әуен-саздылық басым келеді. Сыбызғы күйлері өте шағын. Олардың атаулары да көне. Қобыз күйлерінің құрылымы күрделі болып келеді. Қобыз күйлері Қорқыт атадан бастау алған. Оның шығармаларын бізге жеткізген Ықылас болатын. XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Абыл, Әлшекей, Әлікей, Байжұма, Байсерке, Баламайсан, Боғда, Дайрабай, Дәулеткерей, Дина, Есжан, Жантөре, Қазанғап, Құрманғазы, Саймақ, Сейтек, Сүгір, Тәттімбет, Тоқа, Түркеш, Ықылас сынды күйші-композиторлар қазақтың ұлттық күй мәдениетінің жан-жақты дамуына мол үлес қосты.
Қазан төңкерісінен кейін күйлер ансамбльдер мен оркестрлерге арналып қайта өңделіп, орындалатын болды. Мазмұны мен түр жағынан да жаңара түсті. Күй сарындары қазақ қомпозиторларының музыкалық туындыларында (опера, балет, симфония, т.б.) бой көрсетуде. Мысалы, Е.Г. Брусиловский "Қыз Жібекте" "Ақсақ құланды", М.Төлебаев "Біржан - Сарала" "Соқыр Есжанды", Е.Рахмадиев "Алпамыста" "Құдаша" күйлерін пайдаланған. А.В. Затаевич, Қ. жөне А.Жұбановтар, Б.Г. Ерзакович, А.Алексеев, П.В. Аравин, А.Сейдімбеков, т.б. күйдің тарихи-теориялық мәселелерін зерттеп, нотаға түсіруге көп еңбек сіңірді.