Бесарықта үйірмелерге 100-ден аса өнерпаз тартылған

2 545

Ұлт рухының темірқазығы саналатын мәдениет саласы сан тарапқа бөлінген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Мәдениеттің мәйегін сарқыған нағыз таланттар ауыл топырағынан шығатыны жасырын емес. Бүгінде әрбір ауылдағы өнер ошағы жергілікті халық үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Талай марқасқаларды дүниеге әкелген Бесарық ауылындағы мәдениет үйі жөнінде ақпар бермекпіз.


Бесарық ауылдық мәдениет үйінің ғимараты осыдан 45 жыл бұрын пайдалануға берілген екен. Типтік жобада салынған өнер ордасында жыл көлемінде танымдық, мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты өткізіліп  тұрады. Іскер басшы Абзал Молдашев 2005 жылдан бері ауыл мәдениетін көтеруге барын салуда.


"Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бесарық ауылында өнерді шын бағалайтын, мәдениет саласына айрықша қолдау көрсететін мейірбан жүректі халық тұратыны баршаға аян. Жыл көлемінде жоспарға сәйкес, сан түрлі іс-шаралар жүзеге асуда. Өнерпаздарымыз аудандық, облыстық республикалық байқаулардан топ жару үстінде. Негізінен, мәдениет үйі жанынан ән, би, домбыра, көркемсөз, драма үйірмесі және «Шырайлы келіндер» ансамблі, «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі жұмыс жасайды. Үйірмелерге 100-ден аса өнерпаз тартылған. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының қос үйірмесі бесарықтық балғындарды өнерге баулуда. Өнер мен мәдениеттің киелі ошағында 11 маман қызмет етуде. Оның ішінде, әдіскер Маржан Дүйсенбаева, мәдени ұйымдастырушы Сұлушаш Пірназар, көркемдік жетекші Мөлдір Жүнісбаева, «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлзада Бердібекова бар", – деді сала басшысы.


Мәдениет ошағында білім мен өнерді ұштастырған майталман мамандардың тәлімін алған өнерпаздар көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Мәселен, «Әсем-ай» ән үйірмесінің мүшесі Мағжан Әбдіғалиұлы Қазалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай жүзеге асқан «Менің елім» атты облыстық онлайн патриоттық ән орындаушылар байқауында, халықаралық «Turkesnan fest» көп жанрлы өнер байқауына «Дәстүрлі ән» жанры наминациясы бойынша өнер көрсетіп, «Бас жүлдемен» марапатталды. Ал Қазына Жылқайдарова «AMANAT music» ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің І орын жүлдегері атанды. «Жас қалам» көркемсөз үйірмесінің мүшесі Нұрдәулет Айтбай қоғам қайраткері, педагог-ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген «Тіл білімнің атасы» атты облыстық байқауға қатысып, ІІ орын иеленді. Жас өрен Дильназ Айтбаева «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығының М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған республикалық «Жырласам ба екен» атты байқауда І орынды жеңіп алды. Ұлыстың ұлы күнінде «Наурызым – нұрлы ырысым» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы қашықтықтан өткізілген өнер байқауына Ерсұлтан Қайратұлы «Көркемсөз» оқу жанры бойынша «Бас жүлдені» қанжығасына байлады. «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында Ұлболған Сәдірхан жеңімпаз ретінде биік тұғырдан көрінді. №147 орта мектеп оқушыларынан құралған «Демеушіміз болашақ» командасы аудандық «Жайдарман» сайыстарының бірнеше дүркін чемпионы бола білген. «Парасатты отбасы» аудандық отбасы байқауында «Остаевтар отбасы» жүлделі І орынды алды. Қалтай Мұхамеджановтың 95 жылдығына орай «Қазақтың дара Қалтайы» атты драма үйірмелерінің аудандық байқауында «Шамшырақ» драма үйірмесі мүшелері жеңістің үшінші орынға жайғасты. Шаған ауылдық мәдениет үйінде өткен «Біздің ауыл...» атты аудандық өнерлі ауыл байқауында «Берекелі Бесарық» ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері Бас жүлдені еншіледі.


«Ауыл іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек-ті. Бесарықтық аналар бос уақытын немере тәрбиесіне арнап қана қоймай, ән айтуға да жұмсайтыны анық. Осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблінің Сыр өңірінің мәдени өмірінде алатын орны бөлек болып отыр. Бүгінде қоржындарында 40-қа жуық ән бар ансамбль құрамында 12 ардақты ана өнер көрсетеді. Осыдан 2 жыл бұрын «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаевтың демеушілігімен «Жаншуақты» әжелер ансамблі жайында жазылған «Әжелер ән салғанда» атты кітап жарыққа шықты. Үнемі халық әндерін шырқайтын аналар қауымы көптеген байқаулардың жеңімпазы саналады.


"Бесарық ауылының қойнауында небір құнды дүние жеткілікті. Мәдениет саласында қызмет ете жүріп, өз уақытысында жергілікті халықпен біте қайнасып жұмыс жасаған болатынбыз. Қазіргі уақытта мәдениет саласынан алыстаған емеспін. Абзал інім бастаған ұжым жемісті еңбек етуде. Ауылымызда 400-ге жуық жәдігер бар арнайы мұражай бар. Аудан, облыс көлемінде жүзеге асатын барлық іс-шараның басы-қасынан табылатын сала мамандарының жұмысына сәттілік тілеймін", – деді мәдениет саласының майталманы Жұмабай Байзақ.


Ауылдық мәдениет үйінің ұжымы «Өнерге қанат қаққандар» атты гастрольдік сапармен бірнеше ауылға, қайырымдылық жобасы бойынша «Қарттар үйіне», «Оңалту» орталығының мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналған концерттік бағдарламасын ұсынды. Қашанда өнер арқылы елдің берекесін келтіріп, нағыз дарынды, талантты шә­кірт­тер шоғырын қа­лыптастыра біл­ген ауылдағы мәдениет үйі – ел үшін өлшеусіз еңбек ете бермек.


Kyzylorda-news.kz