Jibek joly «Тамаша» әзіл-сықақ театры туралы сериал түсіреді
Jibek joly арнасының тапсырысымен шынайы оқиғаға негізделген «Тамаша» әзіл-сықақ театры туралы сериал түсіріледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сериал көрермендерді еліміз Кеңес одағының ыдырауы, Тәуелсіздікке жету жолындағы алғашқы қадамдар сынды қиын кезеңді бастан кешірген «тоқсаныншы жылдарға» жетелейді. Барлық қиындыққа қарамастан, сериал кейіпкерлері «Уайымдамаңыз! Бәрі Тамаша болады!» дей отырып, үміт нұры, мейірімділік аралы және сол қиын кезеңде қоғамның күліп жүруіне септігін тигізген адамдар болып қала береді.
1978 жылы телевизиялық бағдарлама ретінде эфирге шыққан «Тамаша» тек телебағдарлама ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның мәдени мұрасы саналады. Биыл театрдың эфирге шыққанына тура 45 жыл толады. «Тамашаның» негізін режиссер Лұқпан Есенов пен редактор Қойшығұл Жылқышиев қалаған және сахнасында өнер көрсеткен тарландар Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Уайс Сұлтанғазин, Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова. Сериалда осы ұжымының қызығы мен шыжығы мол өнер жолы паш етіледі.
Шынай оқиғаға негізделген телесериалды Jibek joly арнасының тапсырысымен Salem Entertainment түсіреді.
Көрермен қараша айында Jibek Joly арнасынан актерлердің сахна сыртындағы өмірін көріп қана қоймай, сонымен қатар «Тамаша» театрының танымал нөмірлерін еске түсіріп, телехикаяны тамашалайды. Телесериал бізді өткен күнімізге қайта оралтып, бүгінгі күні өзекті болып тұрған құндылықтарды еске салады.
Сценарийшілер дәуір рухын, жоба қатысушыларының сахна сыртындағы шиеленісті жеке драмаларын бірегей әрі тарихпен бірдей жасау үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса, басты және эпизодтағы рөлдерге 35-60 жас аралығындағы адамдардан кастинг жалғасуда. Кастингке байланысты мына нөмірге хабарласуға болады: +7 777 804 3355.