Қазақстанда жаңа 5 кәсіби мереке тізімге қосылды

2 221

Фото: Pixabay.comЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қазақстандағы кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуге қол қойды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, бүгінге дейін Қазақстанда 74 кәсіби мереке бекітілген.

Жаңартылған тізімге бес жаңа кәсіби мереке қосылды:

Қазақстанның қолөнершілер күні – 7 шілде;

Табиғи монополия қызметкерлерінің күні – 9 шілде;

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері күні – 15 қыркүйек;

Қоғамдық тамақтандыру қызметкерлерінің күні – 20 қазан;

Қазақстанның Кәсіпкерлер күні – 29 қазан.

Құжаттағы тағы бір өзгеріс - Энергетиктер күні қайтадан 22 желтоқсанда атап өтіледі. Бұрын желтоқсанның әр үшінші жексенбісінде атап өтілетін.

Айта кетейік, "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға сәйкес Қазақстанда ұлттық мерекелер, мемлекеттік мерекелер, кәсіби және басқа да мерекелер бар.

Ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі әсер еткен ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларды атап өту үшін Қазақстан Республикасында белгіленетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мерекелеу орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралармен қатар жүреді.

Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға орайластырылған мерекелер, оларды Қазақстан Республикасының азаматтары да дәстүрлі түрде атап өтеді. Мемлекеттік мерекелерді тойлау ресми іс-шаралармен қатар жүруі мүмкін.

Кәсіби және өзге де мерекелер – бұл ұлттық немесе мемлекеттік мереке мәртебесі жоқ және азаматтардың жекелеген санаты атап өтетін мерекелер.

Бұл ретте ұлттық және мемлекеттік мерекелер тойланатын күндерде ғана демалыс беріледі.