Ақтөбеде "Baqytty Bala - 2022" халықаралық фестивалі өтпекші

585
Ақтөбеде 9-14 тамыз аралығында «Baqytty Вala-2022» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Әлемнің 8 елінен келген 10-16 жас аралығындағы талантты 20 жасөспірім Ақтөбедегі Өнер орталығында бас жүлде үшін бақ сынайды.Baqytty Bala – Ақтөбе облысының брендіне айналған ерекше жоба. Байқау 2018 жылы облыста «Балалар жылы» деп жариялауына орай тұңғыш рет өткізілді және жалғасын тауып ұйымдастырылып келеді. Байқауға қатысуға 2018 жылы - 420, 2019 жылы - 500-ден аса, 2021 жылы - 180 өнерлі өрен ниет білдірді.

Оның ішінде Қазақстан қалаларымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Белорусь, Молдава, Түркия, Греция, Испания, Румыния, Польша, Канада мемлекеттері бар. «Baqytty Bala -2018» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының бас жүлдесін Нарғыз Жанұзақова (Ақтөбе қаласы) мен Ержан Максим (Нұр-Сұлтан қаласы), «Baqytty Bala -2019» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының бас жүлдесін Ислам Балкоев (Ресей қаласы) және Айкерім Тілеубек (Нұр-Сұлтан қаласы) иеленді. 2021 жылы бас жүлдені Тараз қаласынан келген 13 жасар Айлун Заушева қанжығасына байлады. «Baqytty Bala-2021» байқауындағы ең қалаулы марапат - Димаш Құдайбергеннің сыйлығы. Жас өнерпаз Димаш Құдайбергеннің шетелде өтетін жеке концертіне арнайы шақыртуды Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Адель Құнәділова алды. Шақырту ғана емес, әлем мойындаған Димаш Құдайбергенмен бір сахнада тұрып ән салу мүмкіндігіне ие болды. Димаштың жеке концертіне қатысып, онымен бірге ән салу мүмкіндігі Baqytty Bala байқауының бұған дейінгі қатысушыларына да берілген болатын. Baqytty Bala-2018 байқауындағы бұл номинация иегері ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова әншінің Лондондағы концертіне барды, ал, 2019 жылғы Гран-при иегері Әйкерім Тілеубек Нью-Йорк төрінде миллиондаған көрермен алдында Димашпен бірге ән шырқады. Биыл аталмыш байқау «Димаш-Әли» шығармашылық орталығы және Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен 9-14 тамыз аралығында «Өнер орталығы» концерт залында өтеді. Іріктеу кезеңіне 200-ге жуық өтініш қабылданды. Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка мемлекеттерінен және еліміздің барлық қалаларынан сайысқа қатысушы үміткерлердің өтініштері қабылданды. Қашықтықтан тыңдау нәтижесі бойынша 20 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алды.

Жас өнерпаздардың өнерін мәдениет саласының белгілі өкілдері бағалайтын болады. 
Асхат Маемиров – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры және көркемдік жетекшісі;
Марат Әйтімов – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы», ұстаз, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі; 
Қанат Айтбаев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі;
Рухия Байдүкенова – «Шапағат» медалінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері, Р.Бағланова атындағы мемлекеттік «Қазақконцерт» концерттік ұйымының әншісі 
Ернар Нұртазин – Халықаралық байқаулардың лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің Бас дирижеры. 
Байқау ережесіне сәйкес, сайыс 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұйымдастыру комитеті аудио, видео материалдар арқылы қашықтықтан тыңдау арқылы үздік орындаушыларды іріктеді. Финалға өткен қатысушылар екі шығарма-өз ана тілінде (немесе авторлық ән) және әлемдік хит орындайды. Қазылар алқасының шешімі гала концертте жарияланады. Байқаудың жүлде қоры - 3 млн 450 мың теңге. Гала-концерт 13 тамыз сағат 19:30-да Өнер орталығында өтеді. Билеттерді Тикетон сайтынан немесе концерт залының кассасынан сатып алуға болады.