Ұлттық мұражай Отырар дәуірінен сыр шертетін жәдігерлермен толықты

1 273

Ұлттық музейде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Ұлы жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрмесі ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі мұражайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Өз заманында өркениет ордасы саналып, Батыс пен Шығысты байланыстырған, қазақтың бойтұмарына айналған Отыраркөрмесіне тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып келе жатқан зерттеулер нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылған. Тарихи-тағылымды көрмеде Отырар даласында Ұлы Жібек жолы арқылы сауда қатынастарының дамуы және Қарахан дәуірінен бастап, Қазақ хандығына дейінгі қалалық мәдениеттің өркендеуі мен дамуынан хабар беретін 154 археологиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.


Көрерменге өткен тарихымыздан кең көлемде мәлімет беру үшін мұражай қоры жинағындағы археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар т.б. заттай дәйектемелер, сонымен бірге, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.


Іс-шара барысында сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Ақмарал Ғосманқызы Ибраева мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Меңлібайұлы халқымыздың өткен тарихынан сыр шертіп, толымды әрі тың мәліметтер ұсынып отырған көрме жұмысына сәттілік тіледі. Ортағасырлық көне қаладан табылған жәдігерлер тарихы Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе – ортағасырлық қаласымен де үндесіп жатқанын айтып, осындай көрмелер жергілікті тұрғындар көкірегіне рухани нәр құятынын жеткізді. Ойлылардың ізі қалған Отырарда әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқаны айтылды.


Көрме 30 шілдеге дейін жалғасады.