«Жатқан жері жайлы болсын»: Асанәлі Әшімовтің басына белгітас қойылды

2 506

Коллаж: SN.kzҚазақ киносы мен театр өнерінің абызы, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің басына белгітас қойылған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы оның жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған.

Бағдат Әшімованың айтуынша, Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында Асанәлі Әшімұлының рухына арнап ас берілген. Сонымен қатар, актердің туған ауылында оған арналған XIII облыстық ашық шахмат турнирі ұйымдастырылған.

«Сарысу ауданы, Жайылма ауылында Асанәлі Әшімұлының рухына арнап ас берілді. Көзі тірісінде Асекең: "Франция, Швейцария туған ауылыма жетпейді" деп айтушы еді. Асанәлі Әшімовке арналған XIII облыстық ашық шахмат турнирі Асекеңнің туған ауылы Жайылмада өтті. Аудан әкімшілігіне, ел азаматтарына үлкен рақмет. Жерлес азаматтарын ұлықтап, жас ұрпаққа өшпес мұра қалдырып отыр. Тарих тақтасында қалатын күн болды», – деп жазды ол.

Желі қолданушылары бұл жаңалықты жылы қабылдап, өнер майталманының есімін ұлықтауға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірген. Сондай-ақ көпшілік Бағдат Әшімоваға қолдау көрсетіп, жылы лебіздерін арнаған.

Айта кетейік, Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның шығармашылығы бірнеше буын көрерменнің жүрегінен орын алып, ұлттық өнер тарихында өшпес із қалдырған.