Қазақтың ұлттық киімі Лондон жұртшылығын тәнті етті
Лондонда 17 мемлекет өкілінің салт-дәстүрлері мен мәдениеті паш етілген шара болып өтті. Шетелдік көрермен назарына қазақтың ұлттық киімдері де ұсынылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Көрсетілімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің және «Қазфэшн Париж» француз қауымдастығының қолдауымен ақтөбелік дизайнер де қатысты, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Сабина Наурызалина 15 жылға жуық уақыттан бері ұлттық киім тігумен айналысады. Өз өнімдерін 2 чемоданға салып, Ақтөбеден Лондонға жалғыз келген.
Әшекей бұйымдары мен сәнді сөмкелерін қоса есептегенде қолмен кестелеп тігілген әр көйлегінің салмағы әжептәуір.
Қалыңдық сәукелесінің өзі 6 килограмм тартады. Шетелдік көрерменге ұсынған топтамасы «Наурыз» деп аталады.
Ұлттық киімдерден бөлек күнделікті өмірде киюге арналған сәнді көйлектері де бар.
Әр елдің салты басқа… Қазақстаннан бөлек Еуропа, Азия, Африка елдерінің өкілдері ұлттық киімдер киіп, көпшілікті таң қалдырып жатыр.
Кенияның саванналарында тұратын жартылай көшпелі африкалық байырғы халықтың да айтары бар.
Масаи тайпасының өкілі әшекей бұйымымыз қаншалықты көп болса, соншалықты бай екеніміз білінеді дейді.
Көрсетілімге қатысушы мемлекеттердің географиясы әралуан. Босния және Герцеговина, Чехия республикасы, Мексика, Кувейт, Үндістан – барлығы 17 ел.
Әрқайсысы өз ұлтының мәдениетін паш етуге тырысып бағуда. Өйткені жаһандану заманында бірегейлікті сақтап, ұлт құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды, дейді олар.
Сахнаға Қазақстанның қыз-келіншектері үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киіп шыққанда көрерменнің қошеметі толастамады.
Шараның ұйымдастырушысы «Лондонның жас дипломаттары» атты еріктілерден құралған топ.
Олар 20 жылдан астам уақыттан бері халықаралық ұйымдардағы жас қызметкерлерді біріктіріп, қоғамдық маңызы бар басқосулар өткізіп келеді.
Бүгінгі көрсетілімнің қайырымдылық мақсаты да бар.
Үзіліс кезінде қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Әр ел қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын сатып, түскен қаражатты қайырымдылыққа жіберді.
Шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Болашақта оны жыл сайын ұйымдастыру жоспарда бар.