Жеке адамдардың қолында кеткен 500-ден астам жәдігер музейге қайтарылған
2 524
Сот шешімімен тәркіленген жеке адамдарға тиесілі 500-ден астам жәдігер музей қорына өткізілді. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Жалпы шетел асқан мәдени құндылықтарды елге қайтару — мәдениет саласының басым бағыттарының бірі. Еліміздің қазақ халқына тиесілі мәдени құндылықтарды тарихи отанына қайтару мәселесінде өзіндік тәжірибесі бар. Соңғы жылдары елімізге бірқатар тарихи құнды заттар қайтарылды. Атап айтқанда, Ресей Ғылым академиясының I Петр атындағы Антропология және этнография музейінен (Кунсткамера) Кейкі батырдың бас сүйегі тарихи отаны Қостанай облысына жеткізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенттік мәдени орталығының қорынан түрлі жылдары зерттеу және ғылыми жұмыстарын жүргізу үшін АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Карнеги жаратылыс тарихи музейіне (Питсбург қаласы, Окленд қалашығы) уақытша пайдалануға берілген 528 дана жәдігер (үй жануарлары сүйектерінің фрагменттері) 2020 жылы елордамыздағы Ұлттық музей қорына қайтарылды», — деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, соңғы 3 жыл ішінде министрлікке қарасты республикалық музейлер мен құқық қорғау органдары бірлесіп, сот шешімімен тәркіленген жеке адамдарға тиесілі 500-ден астам музейлік маңызы бар заттарды музей қорына қабылдады.
«Атап айтқанда, Орталық мемлекеттік музей қоры түрлі тарихи кезеңдердің тарих, мәдениет және өнер саласынан хабар беретін 360 құндылықпен, Ұлттық музейдің қоры 176 дана экспонатпен (мамонттардың мүйізі) толықты. Осыған орай, аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, музей жанынан қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысы бар құндылықтарды іздестіру, анықтау және қайтару мәселелері бойынша жұмыс тобы тұрақты жұмыс жасап келеді. Оның құрамына тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Самашев, тарих ғылымдарының кандидаты, қару-жарақ ісі бойынша зерттеуші Қ.Ахметжан сынды ғалымдар мен шығармашылық интеллигенция өкілдері кіреді», — деді министрліктен.