Берлинде қазақстандық фильмнің тұсаукесері өтті

495

Фото: https://univibes.ru/blog/gde-uchitsya-na-rezhissera/Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында Германия астанасының ең беделді кинотеатрларының экрандарында режиссер Алдияр Байракимов түсірген «Паралимпиадашы» фильмінің тұсаукесері өтті деп хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Қазақстанның Германиядағы елшілігі Германияның Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Cinema» ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен бірлесіп, «Minz GmbH» ивент-агенттігінің қолдауымен ұйымдастырған шараға жүздеген көрермен жиналды, олардың арасында жоғары лауазымды тұлғалар мен неміс іскер топтарының өкілдері, дипломатиялық корпус, киносыншылар, Берлиннің тұрғындары мен қонақтары бар.

Өзінің алғысөзінде Қазақстан елшісі Нұрлан Онжанов әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға фильмдер түсірудің және оның кең көрсетілімінің қажеттілін атап өтті.

«Паралимпиадашы» фильмі әлемнің көптеген елдеріндегі маңызды әлеуметтік проблемаларды қозғайды. Бұл күресуге батылдық беретін және басқаларды ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген көзқарасы туралы ойлануға көндіретін драма», – деді Қазақстан елшісі.



Қазақстанның ең мықты спортшыларының бірі – қысқы Паралимпиада ойындарының тұңғыш қазақстандық чемпионы Александр Колядиннің тағдыры бейнеленген картинаға көрермендер қошемет көрсетті.

Режиссер Алдияр Байракимов, продюсер Әсел Ырыс және актер Жалғас Жанғазиннің қатысуымен өткен баспасөз брифингі барысында неміс көрермендері қазақ киносының тарихы, қазақ қоғамындағы танымал кино жанрлары, «Паралимпиадашы» фильмін түсіру кезіндегі ұжымның уәжі, қазақстандық актерлердің өмірі мен Қазақстандағы әлеуметтік фильмдердің қаншалықты маңызды екені туралы сұрақтар қойды.