Ұлттық музейді 10 жылда 4,6 млн-нан астам келуші тамашалаған

2 520

Фото: Солтан Жексенбеков/ KazinformБиыл Астанадағы Ұлттық музейдің ашылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Ұлттық музей қорындағы 223 879 жәдігер мен 4 258 бұйым реставрациядан өткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.


Сонымен қатар 3 041 іс-шара ұйымдастырылған, оның ішінде 318 көрме, 27 конференция, 8 форум, 169 дөңгелек үстел, 736 үйірме сабағы, 922 музей сабағы, 116 археологиялық, 24 этнографиялық экспедиция өткен.


Одан бөлек, музей қабырғасында 47 монография, 28 каталог, 8 энциклопедия, 10 конференция жинағы, 5 құжаттар жинағы, 3 сөздік және 1191 ғылыми мақала жарық көрген. 

10 жылдың ішінде Ұлттық музейде 4 608 328 келуші болған, сондай-ақ шетелдерге ұйымдастырылған көрмелерге 2 201 600 адам барған. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Ұлттық музейде «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» көрмесінің аясында отандық суретшілердің туындылары топтастырылған каталогы жарық көрді. 


Мерейтойлық көрмеге ұлттық музей қорындағы Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Үкі Әжиев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Камиль Муллашев, Амандос Ақанаев, Ерболат Төлепбай, Алпысбай Қазғұлов, Ағымсалы Дүзелханов және тағы басқа көптеген қазақстандық танымал қылқалам шеберінің туындылары қойылған.