Әбілхан Қастеевтің мұражай үйі жаңартылған экспозиция түрінде қайта ашылды

2 662

Фото: Ulysmedia.kzҚазақстанның тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевтің өзі тұрған үйі жаңартылып, қылқалам шеберінің туғанына 120 жыл толуына орай есігін айқара ашты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Музей BI Group компаниясы қаржылай қолдап, ES-Studio компаниясы жүзеге асыруымен жаңартылған экспозиция түрінде жұмысын жандандырып отыр. 

Салтанатты шараның ресми ашылуында Ә. Қастеев музей-үйі – Ә. Қастеев мұрасын зерттеу секторының жетекшісі Еркін Нұразхан бүгінгі шара суретшінің мерейтойы аталып өтілген жылды түйіндейтін елеулі оқиға, Тәуелсіздік күні қарсаңында жасалған үлкен сый екенін атап өтті.

Бүгін қасиетті, тарихи орынға, халқымыздың мақтанышы Әбілхан атамыз тұрған, суреттерін салған, бақшасын күтіп-баптаған жерге келіп тұрсыздар. Бүгін өнер үшін мереке күні. «Озбайтын өмір, тозбайтын темір жоқ» демекші, қандай мықты материалдан жасалса да тозбайтын үй жоқ. Мұражай үй 2014 жылы ашылып, кейінгі жылдары жөндеуді қажет етті. Мәдениет министрлігі жылда уәде береді, бірақ жылда жөндеу жүргізілмей қалып жүрді. Үй тозып тұрды. BI Group құрылыс компаниясы Астанадан жаңа тұрғын үй кешенін салып, оны Qasteev деп атауды жоспарлапты. Суретшінің балаларына хабарласып, мән-жайды айтады. Ақырында тараптар келісімге келіп, BI Group арнайы қаржы бөліп, оны біздегі Серік Есентай деген дизайнерге тапсырып, ол да өз қаражатын қосып, нәтижесінде осындай тамаша дүние жасалып отыр. Үйдің ішін толық күрделі жөндеуден өткізді, электр сымдарын, жылу жүйесін ауыстырып, гаражын жасады, ауласын абаттандырып берді, жолын жөндеді. Өзім Ташкенттен Орал Таңсықбаевтың, Бакуден Таир Салаховтың музейін көрдім, қатырып жасаған. Бізде бірінші суретшіміз деп айтқанымен, көңіл бөліп, еске ала бермейді. BI Group-тың қолдауынан кейін біздің мұрағайымыз да сән-салтанаты жарасып, ұялмай көрсететін кейіпке енді, – дейді Еркін Нұразхан.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова осы игі іске мұрындық болған құрылыс компаниясының басшылығына ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хат тапсырып, Қастеевтің 120 жылдығына арналып шығарылған «Әбілхан Қастеев» каталогын табыс етті. Каталог музей мамандарының суретші шығармашылығын зерттеудегі көп жылдық ғылыми жұмысының нәтижесі.

Біртуар суретшінің қызы Гүлдария Қастеева саналы ғұмырының көп бөлігі өткен үйдің жаңарып, жайнап шыға келгеніне дән риза.

Біз үйімізді мұражай жасайды деген соң 2004 жылы босатып бергенбіз. 2010 жылы жеңіл ремонт жасалып, 2014 жылы мұражай болып ашылды. Бірақ кейінірек жөндеуді қажет етіп, көпке дейін ақша болмай тозыңқырап тұрды. Мәдениет министрлігіне жылда өтінім береді, бірақ ақша жоқ деп бұл үйге ешкім көңіл бөлмей келді. Биыл жылдың басында BI Group компаниясының өкілдері маған хабарласып, әкемнің атын тұрғын-үй кешеніне берсек деп едік, соған рұқсат етесіздер ме деді. Мен оған қуана келістім. Балаларымызбен ақылдасып, осы үйге жөндеу жүргізіп берсе деп ұсыныс білдірдік. Компания өкілдері ремонт жасап бере алмаймыз, бірақ ремонтқа ақша шығарайық деді сөзге келместен. Содан компания қаржы бөліп, ремонтты Серік Есентаев деген азаматтың жетекшілігімен жүргізіп, кәмпиттей етіп жасап отыр. Көңілімізден әбден шықты. Өте жақсы жасаған, – дейді ол.