Бүгін - Су шаруашылығы қызметкерлері күні
Су шаруашылығы қызметкерлері құрмет төрінде
Су – өмірдің негізі, тіршіліктің өзегі. Табиғаттың тамырын нәрлендіріп, ауыл шаруашылығынан бастап өнеркәсіпке дейінгі барлық салаға жан бітіретін құндылық – суды реттеп, ел игілігіне жаратып отырған сала мамандарының еңбегі ерен. Осы жауапты да күрделі салада еңбек етіп жүрген мамандар шілде айының бірінші жексенбісінде кәсіби мерекесін атап өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осыған орай, Қазалы ауданында да Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты қабылдау өтті. Шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сала өкілдерін арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік қабылдау барысында су шаруашылығы саласында көп жылдық еңбегімен ерекшеленген бірқатар мамандар:
облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының және аудан әкімінің "Алғыс хаттарымен" марапатталды.
Бұл — тек марапат емес, адал еңбекке берілген әділ баға, құрметтің көрінісі.
Салтанатты шара барысында сала ардагері, су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек еткен Серікбай Сәрсенбаев сөз алып, әріптестерін мерекемен құттықтап, салаға сіңірген еңбектің қоғам үшін аса маңызды екендігін атап өтті. Ардагер өз сөзінде жас буын мамандарға ізгі тілегін білдіріп, игі дәстүрдің үзілмей жалғаса беруіне сенім білдірді.
Мерекелік жиын аудандық мәдениет орталығының өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Әсем ән мен әсерлі көріністер саланың ардагерлері мен қызметкерлерінің көңілінен шығып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазалыда су шаруашылығы – тек тіршілік тірегі ғана емес, тұрақты даму кепілі. Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген әрбір маман құрметке лайық. Олардың еңбегі ел болашағына бағытталған игі қызметпен пара-пар.
Тағы да оқыңыздар
