Абай 180 жылдық мерейтойына арналған аламан айтыс басталды
Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Адамзаттың Абайы" атты республикалық ақындар айтысы өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дүбірлі доданың басты мақсаты – айтыс өнері арқылы Абайдың рухани тұлғасын тереңнен танытып, жас ақындарды қолдап, шығармашылық ізденіске шабыттандыру.
Бүгін міне, ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған аламан айтыс өтеді. Аламан айтысқа аузымен құс тістеген арқалы ақындар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Әрине, осы ақындардың іріктелуі – республикалық ақын-жыршылар одағының комиссия бұрынғы айтыстағы көрсеткен жетістіктері, өнерлеріне қарап іріктеген. Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойында керемет айтыс жасайды деген мықты майталман, алтын домбыра алып жүрген жыр дүлдүлдері өнер көрсетеді, - деді Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев.
Айтыс атты рухани алаңда Абайдың кемел болмысы, ғұламалық келбеті суырыпсалма ақындардың сөзімен жаңаша сипат алады деп күтілуде. Сондай-ақ хакімнің шығармашылығы бүгінгі күннің үнімен үндесіп, жаңғыра түсетіні анық.
Ұлттық өнерге еліміздің әр өңірінен келген белгілі айтыскерлер қатысып, өнер мен ойдың биік үлгісін көрсетеді деп күтілуде.
Жыр бәйгесінің түндігі бүгін, 8 тамызда сағат 10:00-де Семей қаласындағы Абай атындағы театрда түріледі.