Қарттарым – қазынам: Шиеліде ардагерлерге арналған зиялы жарыс өтті
Қазақ халқының даналыққа толы тағылымы бойынша – қариясы бар ауылдың құты бар. Шиелі ауданында қазыналы қарттарды құрметтеу, олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ету – дәстүрге айналған. Осы игі үрдістің жалғасы ретінде жуырда аудан орталығында ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан жарыс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұлттың ұлы мұрасы – қарттарға құрмет көрсету, олардың ақыл-кеңесін ардақтау ежелден халқымыздың қастерлі салтына айналған. «Есігіңнің алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазылып қойған хатпен тең», – деген халық даналығы осының айғағы. Өмір көрген, талай сындарлы кезеңнің куәсі болған қариялардың тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазына.
Аудан әкімінің қолдауымен және «Қазалы-Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара «Қарттарым – асыл қазынам» атауымен «Руханият» орталығында өтті. Жарыстың мақсаты – ардагерлердің ой-санасының сергектігін, интеллектуалдық әлеуетін дәріптеу, оларға құрмет көрсету арқылы қоғамның рухани деңгейін көтеру.
АРДАГЕРЛЕР – АҚЫЛДЫҢ, ТӘЖІРИБЕНІҢ ИЕСІ
Салтанатты шараның ашылуында аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Өскенбайұлы сөз сөйлеп, барша ардагерлерді 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтады. Ол ел дамуы мен ұрпақ тәрбиесінде ардагерлердің орны бөлек екенін атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ардагерлер – елдің рухани тірегі, салт-дәстүр мен құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуші алтын көпір. Осындай іс-шаралар арқылы біз олардың еңбегін елеулі етеміз, – деді мәслихат төрағасы.
Бұл жарыс Қазақстан Республикасының Ата Заңына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Егемен еліміздің негізін қалаған Конституцияның мәртебесін ұлықтаумен қатар, бұл жарыс елдік пен бірлікті, ақыл мен парасатты насихаттауды мақсат етті.
ТАРТЫСТЫ ЖАРЫС – ТАМАША КӨҢІЛ-КҮЙ
Шараға түрлі салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы 10-нан аса ардагер қатысты. Атап айтқанда, сайысқа:
Ауған соғысы мен Таулы Қарабах ардагерлері,
Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері,
Семей ядролық сынақ полигонының және Чернобыль апатының зардаптарын жоюға атсалысқан ардагерлер,
Желтоқсан оқиғасына қатысушылар қатысты.
Тартысты өткен екі сағатқа жуық шахмат пен дойбы бәсекесінде ардагерлер терең ой, логикалық пайым мен төзімділік танытты. Әзіл мен қалжың араласқан бұл интеллектуалды жарыс – қатысушылардың тек бәсеке алаңында ғана емес, рухани тұрғыда да қауышуына мүмкіндік берді.
Жеңімпаздар мен белсенділік танытқан қатысушыларға Алғыс хаттар, мерекелік медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ ҮЛГІСІ
Шиелі ауданында ардагерлерге деген құрмет тек мерекелік күндермен шектелмейді. Аудан басшылығы тарапынан зейнеткерлерге, еңбек ардагерлеріне, түрлі қоғамдық ұйымдарға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл – бүгінгі қоғамның қарияларға деген ізеті мен имандылық негізінде құрылған қарым-қатынасының көрінісі.
Ардагерлер де өз кезегінде ризашылық білдіріп, осындай іс-шаралардың жиі өтуі жастарға үлгі, қарияларға құрмет екенін айтып өтті. Олар осындай рухани кездесулердің ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызын атап өтті.
Қарттарды құрметтеу – біздің халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысының айқын белгісі. Ардагерлердің жаны сергек, санасы ояу болуы – қоғамның саулығының да бір көрінісі. Шиелідегі шахмат-дойбы жарысы соның жарқын дәлелі болды. Ұйымдастырылған сайыс ардагерлердің көңілін көтеріп, олардың өмірлік тәжірибесіне құрмет көрсетудің тағы бір жарқын үлгісіне айналды.
Қариясы бар ел – қазыналы ел. Қариясына құрмет көрсеткен халықтың болашағы баянды болмақ.