Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл
Бүгін, 9-шы ақпанда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды. Ол қазақ әдебиетінде адам жанының ішкі иірімдерін, сезім мен рухани күйді терең бейнелеген ақын ретінде бағаланады,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Мұқағали Мақатаев Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Ақынның туған күніне қатысты екі түрлі дерек айтылады. Ресми құжаттарда оның туған күні 9-шы ақпан деп көрсетілген және қазір осы дата кеңінен аталып өтіп жүр. Алайда ақынның анасы Нағиманның естелігі бұған сәл өзгеше мәлімет ұсынады. Оның айтуынша, Мұқағали 1931 жылдың 8-ші наурызында дүниеге келген.
Ал Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, ақын Оразақын Асқар бұл айырмашылықтың себебін құжаттық жағдаймен байланыстырады. Оның сөзінше, ақын ес білген шағында құжаттағы туған күнін өзі жаздырған.
Мұқағали Мақатаев — қазақ лирикасын жаңа деңгейге көтерген қаламгерлердің бірі. Оның шығармаларында адам мен табиғат байланысы, махаббат, анаға құрмет, Отанға сүйіспеншілік, өмір мен өлім туралы философиялық толғаныс айқын көрінеді. Ақын поэзиясының басты ерекшелігі — тілінің қарапайымдылығы мен ойының тереңдігі. Ол күрделі сезімді қарапайым сөзбен жеткізе білуімен ерекшеленеді.
Ақынның белгілі туындыларының қатарында «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, «Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз!», «Сарыжайлау», «Үш бақытым», «Мен таулықпын», «Поэзия, менімен егіз бе едің?» сияқты өлеңдері бар. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік пен адам қолымен жасалатын қателіктің салдарын көркем бейнелейтін шығарма ретінде кең танылған.
Мұқағали Мақатаев — қазақ лирикасын жаңа сапалық деңгейге көтерген, ұлттық поэзияда жеке қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Оның шығармалары осы күнге дейін оқырманын жоғалтпай, рухани құндылық ретінде өмір сүріп келеді.







