ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНДЕ «СЫР ӨҢІРІ - ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ» АТТЫ ЖЫЛЖЫМАЛЫ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

2 659

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіАстанада «Руханият» жылы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты  жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Көрмеге  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Қазақстандағы Түркия Елшінің орынбасары Орхан Барыш Сөнмез, Назарбаев университетінің тарихшы ғалымдары,ақын-жазушылар, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Қарсақбайқызы, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы сөз сөйлеп, Сыр өңірінің тарихы мен музей экспонаттарының құндылығына тоқталды. Ұлттық музей ұжымына облыс әкімінің Алғысы табысталды. 

Сыр өңірінің тарихын баяндайтын көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт Ата мұрасы, ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылды.

Сыр елінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы және «Алтын домбыра», жаңғырған жәдігерлер, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорында сақталған қылқалам шеберлерінің 40-қа жуық картиналары да әкелінді.

Сонымен қатар, өткен жылы жасалған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және биыл қайта жаңғыртудан өткен «Түгіскен көсемі» мен  «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтын жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге келушілер оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарханды, саптыаяқтар коллекциясын, қыш қазандықты, керамикалық ыдыстарды, ортағасырлық Қышқаладан табылған глазурлі қаптамаларын қызықтады.  

Бұған қоса, Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді  археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі туралы көпшіліктің танып-білуіне мүмкіндік жасалды. 

Бұл көрме Сыр өңірінің тарихи және мәдени мұрасын паш ету мақсатында ұйымдастырылды. Көрме Түркі өркениетінің терең тамырларын көрсететін, тарихи жәдігерлер мен мәдениет ескерткіштерінен тұрады. Экспозицияда Сыр өңірінің бай тарихы мен түркі халықтарының мәдени мұрасы, оның ішінде археологиялық қазбалардан алынған заттар, көне жазбалар мен қолөнер туындылары таныстырылды. 

Көрмеде Сыр өңірінің қазақ халқының мәдениеті мен тарихындағы рөлі, сондай-ақ Түркі өркениетінің дамуына қосқан ықпалы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Бұл шара Қазақ тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын жаңа ұрпаққа танытуға, сондай-ақ еліміздің бай тарихын сақтап қалуға үлкен үлес қосады.

Жылжымалы көрменің мәні мен мақсаты — бұл шара еліміздің әр түрлі аймақтарында ұйымдастырылып, халықты Сыр өңірінің бай тарихымен таныстыру, ұлттық мұрамызды қадірлеу және Қазақстанның мәдени мұрасын жаңғыртуға бағытталған.

Көрмені ҚР Ұлттық музейінен 5-19 желтоқсан аралығында тамашалай аласыздар.