Алматылық суретші Кенесары ханның бейнесін ерекше суреттеді

534
Әсел Сабыржанқызы үш жүздің басын қосқан қазақтың соңғы ханы – Кенесары ханға арнап ерекше сурет салып шықты,  - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Алматылық суретші Әсел Сабыржанқызы Instagram парақшасына Кенесары ханның суретін қалай салғаны туралы видео салды.


Онда Әсел 
«Кенесары ханның барлық сүйегі туған жерінде жерленіп, оның жаны тыныштық тапса, қазақ халқы нағыз берекеге кенеледі деген сенім бар. Хан Кенесары Қасымұлы – 1837-1847 жылдардағы қазақтардың Ресей империясынан тәуелсіздік алу үшін жүргізген ұлт-азаттық антиотаршылдық қозғалысының жетекшісі»,- деген жазба қалдырды.


Әселдің айтуынша, ханның суретін ерекше етіп салуды ол бір ай бойы ойлаған.


«Мен Кенесары Қасымұлының суретін ерекше етіп саламын деп шешім қабылдадым. Себебі, ол қазақ халқының соңғы ханы, ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі болды. Өкінішке орай, Кене хан бөтен жерде қаза тауып, сүйегі әлі күнге дейін елімізге әкелінген жоқ. Ал аңыз бойынша оның сүйегі елімізге әкелінсе, еліміз одан бетер дамып, өркендей түседі», - деді суретші. 

Әсел соңғы ханның суретін көз сүрмесімен салып шықты. 

«Көрерменнің назарын өнерге аудару үшін ерекше материалды қолдану керек. Сол үшін мен көз сүрмесін пайдаландым. Онда көп кішкентай адамды салу арқылы ханның бейнесін қағазға түсірдім. Басты идея – Кенесарыны үш жүздің басын біріктірген тұлға екенін көрсету болды. Сол себепті суреттегі кішкентай көп адам сол кезде Кенесарының хандығын мойындап, туының астына жиналған халық десе болады. Жалпы, Кене ханның осы суретін екі күнде салып шықтым», - деді суретші.


 Суретші Әсел Сабыржанқызы Алматы қаласында өмірге келген. Бес жасынан бастап сурет салады. 

«Алматы қаласында туғанмын. 2002-2018 жылдар арасында Астана қаласында тұрдым. Сонда мектеп, колледж және университет бітірдім. Сонда тұрмысқа шығып, жолдасыммен Алматыға қайта оралдым. Қазір Алматыда тұрамыз», - дейді Әсел.