«Тақиялы періште» фильміне – 53 жыл толды
605
Аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильміне – 53 жыл толды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Тақиялы періште» 1969 жылы жарыққа шығып, көрермендерге жол тартты. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, комедиялық туынды халқымыздың сүйікті фильмдерінің қатарынан түскен емес.
Режиссер Шәкен Айманов фильмдеріне тән ортақ ерекшелікті туған өлкеге сүйіспеншілік пен қарапайым адамдар арасындағы шынайы махаббат оқиғалары арқылы байқауға болады. Бұл көрініс «Тақиялы періштеде» де көрініс тапты. Кинодағы сюжетте режиссер күнделікті әр адамның басында кездесетін қарапайым жайттарды экранға шығарды: өзіне лайық жар іздеу, танысу, үйлену, қоғамда жүріп жатқан тоқтаусыз процесс.
Фильмдегі басты кейіпкерлер Тайлақ пен Тананың өмірде өз прототиптері бар. Кинода еңсегей бойлы, алпамса денелі, дархан мінезді, кең пейілді Тайлақ сүйікті тақиясын басынан тастамай жүреді. Сондықтан оны анасы еркелетіп, «Тақиялы періштем» деп атайды. Ұлын үйлендіру үшін Тана Алматыға келеді. Келін іздеу барысында оған өз көңілін білдіре бастаған Нияздың отбасымен араласады. Осы кездерде Тайлақ Айшамен танысады. «Періштенің» анасы ұлының таңдауын бірден қабыл алмайды. Айшаның әкесінің кезінде Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайқып шыққан Тайыр екені белгілі болады. Тайлаққа сыра сатушы Алтыншаш та тұрмысқа шыққысы келеді. Сатушыдан қашқақтаған Тайлақ көп өтпей Айшаға үйлену туралы ұсыныс жасайды. Нияз болса, Тананың оған әйел болуын қалайды. Фильмдегі осындай көңілді оқиға қос тоймен аяқталады.