Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған брендбуктер жарық көрді

619
Астанада халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойына арналған брендбук таныстырылды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Логотиптің авторы - танымал суретші, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Алмас Сырғабай. Ол сонымен қатар Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар мен көрнекті тұлғаны насихаттауда пайдаланылған логотиптің авторы.

Қазір әлеуметтік желілерде түрлі бредбуктар бар. Оны жастар өте жақсы қабылдайды, біледі. Сол себепті біз де Амангелді Имановтың 150 жылдығыға арнап, осындай брендбук әзірледік. Олар футболка, бас киім, блокнот және кітаптардың басты бетіне орналастыру үшін арнайы өлшем мен стилдік ерекшеліктерді есекере отырып дайындалған. Логотиптің негізіне атақты Әбілхан Қастеев атамыз салған Амангелді батырдың образын алдық. Бұл жерде батырдың көзінен оның мінезін байқауға болады. Монументальды тәртіптерді сақтап, графиканың тілімен осындай дүние жасадық, - деді суретші.


Сонымен бірге, «Амангелді Иманов» қоғамдық қорының басшысы Толқын Сұлтан халық батырының 150 жылдығын атап өту аясында қандай шаралар ұйымдастырылатынына тоқталды.

Биыл халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толады. Бұл орайда барлық іс-шараларды тек қоғамдық қор ұйымдастырмайтынын атап өткім келеді. Елордада бірқатар шараларды ұйымдастырумен және өткізумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Олар мәдени, спорттық және рухани-ағарту бағытындағы шараларды өткізеді. Біз Қостанай облысы Амангелді ауданының әкімдігімен және өңір әкімдігімен тығыз жұмыс істейміз. Біз олармен үнемі кеңесіп, ұсыныстар айтып отырамыз, - деп жоспарларымен бөлісті Толқын Сұлтан.



Қор басшысының мәлімдеуінше, 3 сәуір - Амангелді Имановтың туған күніне орай, ҚР Ұлттық музейінде ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Онда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты құнды жәдігерлер мен деректер ұсынылады. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында концерт өткпек. Кеш барысында Амангелді Имановқа арналған шығармалар орындалады.

Біз Қазақстан композиторлар Одағы осы шарға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, кезінде Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің «Амангелді» операсы шықты. Одан басқа да танылмал композиторлардың батырға арнаған шығармалары бар. Олардың барлығын 3 сәуірде өтетін концерттен тамашалай аласыздар. Мен композитор болғаннан кейін, өз үлесімді қосайын деп қазір шығарма жазу үстіндеміз. Соның тұсаукесерін екі оркестрді қосып, атаулы датаға орай жасасақ деген жоспарымыз бар, - деп тоқталды Қазақстан композиторлар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Серікжан Әбдінұров.