Қазақстанға қызыққан аргентиналық оқушылар ерекше жоба жасады

2 503

Фото:© dimashnews.comАргентинаның Эсейса қаласындағы  мектеп оқушылары Қазақстанға арналған ерекше білім беру жобасын жүзеге асырып, қазақ мәдениеті мен тарихын зерттеу арқылы өздерінің ұлттық болмысын тереңірек тануға мүмкіндік алды,-  деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Жобаны мұғалім Паола Ромина Профета ұйымдастырған. Бір оқу жылы бойы оқушылар "Есімдер мен бірегейлік: Қазақстанмен танысудан өз өмірлік жолыңды таңдауға дейін" атты зерттеу жұмысымен айналысқан. Алғашқы кезеңде қатысушылар "Қазақстан" атауының шығу тарихын, елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихы мен музыкалық мұрасын зерделеген. Осы ізденістердің нәтижесінде олар "Аргентиналық болу нені білдіреді?" деген сауалға жауап іздеп, ұлттық бірегейлік тақырыбын талқылаған. Жоба барысында екі елдің табиғи ерекшеліктері де салыстырылған. Оқушылар Шарын шатқалы мен Кебрада-де-лас-Кончас, Қайыңды көлі мен Вилья-Трафуль, сондай-ақ Торыш аңғары мен Аргентинадағы Айлы аңғардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына талдау жасаған. Зерттеудің маңызды бөлігі Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған. Оқушылар оның Love’s Not Over Yet бейнебаянын көріп, мазмұнына талдау жасап, оқиғаның өз нұсқаларындағы жалғасын ұсынған. Сонымен қатар олар әншіге хат жазып, Аргентинаға қонақ болып келуге шақырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Димаш оқушылар үшін талантымен, еңбекқорлығымен және ұлттық құндылықтарды әлемге таныта білген тұлға ретінде үлгі болған.

Жобаның соңғы кезеңінде оқушылар өз есімдерінің тарихын зерттеп, "Мен кіммін?" және "Болашақта қандай адам болғым келеді?" деген маңызды сұрақтарға жауап іздеген. Жыл бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі ғылыми жәрмеңкеде таныстырылған. Көрмеде Қазақстан мен Аргентинаға арналған арнайы экспозициялар, екі елдің табиғаты мен мәдениетін салыстырған материалдар, сондай-ақ оқушылардың өмірлік мақсаттары мен құндылықтарына арналған зерттеу жұмыстары көпшілік назарына ұсынылған.