Юрий Шатуновтың анасы атанған қазақ әйелі жайлы не білеміз
Ресей мен посткеңестік елдерге танымал болған әйгілі «Ласковый май» тобы қазақ әйелінің бастамасымен құрылған деп жазады «Мәлім» сайты. Одан бөлек, сол топтың солисті атанған Юрий Шатунов сұхбаттарының бірінде: «Жаныма ең жақын адам – Валентина Тазекенова. Ол менің екінші анам», - деп айтқан болатын. 1980 жылдардың аяғында аты алысқа кеткен «Ласковый май» тобы мен Юрий Шатуновқа қамқорлық көрсеткен қазақ әйелінің есімі – Бәтима Бөлесімқызы Тазекенова. Ол Орынбордағы балалар үйіне басшылық жасап, Ресейдің құрметті мұғалімдерінің қатарына енген.
«Валентина Николаевна Тазекенова ұзақ жылдар Ресейдің Орынбор қаласындағы Балалар үйін басқарған екен. Сол балалар үйінде тәрбиеленген әнші Юрий Шатунов анам деп атаған кісінің суретіне үңіліп отырып, оның қазақ әйелдеріне ұқсайтыны назарымды аударды. Есімі орысша болғанмен, тегі де қазақша тәрізді. Ғаламтор ақтарып, мәлімет іздестіре бастадым. Wikipedia-дан “Валентина Николаевна Тазекенова - Бәтима Бөлесімқызы Тазекенова. Орынбордағы Балалар үйіне басшылық жасаған ардақты ұстаз. Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі, педагогика ғылымдарының кандидаты, Лунчарский атындағы сыйлықтың лауреаты. “2 дәрежелі Отан алдындағы қажырлы еңбегі үшін” медалінің екі мәрте иегері” деген мәлімет оқыдым. Бірақ ұлты туралы ақпарат кездестірмедім», - деп жазады автор Айнұр Саламат.
Кейін Бәтима Бөлесімқызының ұлты қазан екенін Орынбордағы халықаралық қазақ тілі қорының жетекшісі Сәуле Тайекешова растаған.
«О, ол кісі аңыз адам ғой! Көздері жасты, жүректері жаралы, тағдыры аямаған мыңдаған балаға жүрегінің төрінен орын беріп, аналық махаббатымен аялаған болмысы бөлек ғажайып жан ғой. Білесіз бе, ол қазақ әйелі», - деп жауап берді Тайекешова.
«1986-1991 жылдар аралығында бүкіл КСРО халқын елең еткізіп, әнімен еліткен “Ласковый май” тобының да басында Бәтима Бөлесімқызының тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. 1985 жылы анасы қайтыс болып, әкесі қамқорлығына алмай жетім қалған 11 жасар Юра Шатуновты далада қаңғып жүрген жерінен құзырлы орындар ұстап алыпты. Білім саласы басшылары, құқық қорғау орындары қаңғыбас ғұмыр кешкен жеткіншектің тағдырын талқылап жатқан кезде Бәтима Бөлесімқызы өзі басқаратын Балалар үйіне тәрбиелеуге ұсыныс жасайды. Сол сәттен бастап, дала кезген сотқар баланы ерекше қамқорлығына алып, аналық мейіріммен жүрегіне жол табады. Балалар үйінің қабырғасындағы хоккей үйірмесіне қатыстырып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге себепші болады. Тіпті, гитара тартып, ән айтуға құмарлығын байқап, өнерге баулиды. Белгілі композитор Сергей Кузнецовке табыстап, Юра композитордың сүйемелдеуімен ең алғашқы әнін Балалар үйінің акт залында орындаған», - делінген сайт материалында.
“Бәтима Бөлесімқызы мен үшін орны бөлек адам еді. Ол маған жылулық пен ана махаббатын сыйлаған жан. Арамызда енді жоқ дегенді ойлаудың өзі жанымды ауыртады. Ол өте мейірімді, адал да таза, теңдесі жоқ жан еді. Бәтима Бөлесімқызының жасаған жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін орны толмас қаза. Мен Бәтима Бөлесімқызын мәңгі есімде сақтаймын” дейді Бәтима ананың жанына ең жақын санаған шәкірті Юра Шатунов.
Балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз балаларындай көріп, бар игі істі жанын сала істейтін Бәтима Бөлесімқызын қала, облыс басшылары ерекше сыйлап, барлық бастамаларын қолдаған.
Ал балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мыңдаған түлектер Бәтима апайды “мама” деп атапты.
“Мен 32 жылдан бері жетім балаларды тәрбиелеп келем. Бірде-бір шәкіртім милицияның есебінде тұрмайды. Барлық түлектер ғылым-білім, өнер, спортқа құштарлығымен ерекшеленеді. Үш түлегіміз Мәскеу Мемлекеттік университетін тәмамдаса, тағы бір түлегіміз Юра Шатунов халықтың ыстық ықыласына бөленген танымал әнші” дейді сұқбаттарында Бәтима Бөлесімқызы.
Ардагер ұстаз 2015 жылдың 7 қаңтарында ұзаққа созылған сырқаттан көз жұмған.