Қытай телевизиясы Қазақстанның туристік орындары туралы фильмдер түсіреді
2024 жылы Қытайдан Қазақстанға туристік ағын 500 мың адамға дейін артады деп болжанып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы бүгін осы күндері Бейжіңде өтіп жатқан Қазақстан-Қытай Туризм және инвестициялар форумы аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов мәлім етті.
Оның айтуынша, Қытайдан Қазақстанға туристік ағынды одан әрі арттыру үшін көптеген мүмкіндіктер және қытайлық және қазақстандық туроператорлар тарапынан қызығушылық бар. Оның пікірінше, Қытайдың туристік нарығында ұлттық туристік өнімді ілгерілету үшін жарнамалық науқанға, сондай-ақ туризм саласында іскерлік байланыс орнатуға үлкен көңіл бөлу керек.
Қ.Сәдуақасов сондай-ақ ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Қытай орталық телевизиясының CCTV-4 телеарнасы түсіру тобының Қазақстанға келіп, еліміздің туристік орындары туралы деректі фильмдер түсіретінін айтты. Олар Алматы, Шымкент, Астана қалаларына, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарына барады.
Сонымен қатар, Үрімжіден (ШҰАР, Қытай) Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аймақтары арқылы Астана қаласына дейін трансшекаралық туристік жол бағдарын әзірлеумен жазғы-күзгі кезеңде жол талғамайтын экскурсиялық экспедиция ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында 30-дан астам іс-шара жоспарланған.