Корей театрында Бауыржан Момышұлы туралы спектакль сахналанды

2 508

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіРеспубликалық мемлекеттік академиялық корей театрында қазақ халқының даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Бауыржан Момышұлы: Даланың ұлы. Өң мен түс…» атты музыкалық-драмалық спектакльдің премьерасы өтті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қойылым театрдың бірнеше шығармашылық бағытын бір сахнада тоғыстырды. Драма, балет және вокалдық труппалардың бірлескен жұмысы арқылы көрерменге батырдың бейнесі тек әскери ерлік тұрғысынан ғана емес, ұлттық рух, ішкі тәртіп, туған жерге адалдық пен адамдық болмыс қырларынан жан-жақты ашылды. Спектакльде Бауыржан Момышұлының рухани әлеміне, ана тіліне, салт-дәстүр мен дала мәдениетіне деген терең байланысына ерекше мән берілген.

 Қазіргі заман кейіпкерлері – Нурик пен Әсем батыр ескерткішінің жанында жаңа медиа формат арқылы өткенге үңіледі. Цифрлық кеңістік бір сәтте майдан шындығына ұласып, көрерменді Ұлы Отан соғысы жылдарындағы күрес пен ерліктің мәнін жаңаша пайымдауға жетелейді.

Спектакль қазақ және орыс тілдерінде сахналанып, әртүрлі аудиторияға ортақ рухани құндылықтарды дәріптейді.