Түркістан 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды

2 502

Фото: ©Мақсат Шағырбай / KazinformБұл бастама Қазан қаласында өтіп жатқан ИСЕСКО Бас конференциясының 15-сессиясында көтерілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

2026 жылғы 13-14 - ші мамыр күндері ұйымдастырылған жиында қатысушылар ұйымның 2020–2025 жылдар аралығындағы қызметінің қорытындыларын талқылап, 2026–2029 жылдарға арналған даму стратегиясын қарастырды. Сонымен қатар ислам әлеміндегі мәдени мұраны сақтау, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Конференция барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли еліміздің ислам әлемінің мәдени мұрасын насихаттау және сақтау бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, соңғы жылдары ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне Қазақстаннан ұлттық құндылықтар мен мәдени мұралардың бірнеше түрі енгізілген.  «Тоғызқұмалақ» дәстүрлі зияткерлік ойыны, «Ою-өрнек» сәндік-қолданбалы өнері және «Қармақшы жырауларының» ауызша поэзия мектебі халықаралық деңгейде мойындалды.

Сондай-ақ қазақстандық делегация 2026 жылы Алматы қаласында ұлы ойшыл Әл‑Фараби мұрасына арналған II халықаралық конференция өтетінін хабарлады. Аталған іс-шара ИСЕСКО ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. ИСЕСКО Бас конференциясы төрт жылда бір рет өткізіледі. Биылғы форумға ұйымға мүше 53 мемлекеттің ресми өкілдері қатысуда.