Әскери музей-отаншылдықтың жаршысы

2 506

Фото: ©ChatGPT арқылы жасалғанЕлімізде 5 республикалық музей, 12 музей-қорық, 15 өңірлік тарихи-өлкетану, 71 мемориалдық және 16 көркемөнер музейімен қатар түрлі қалалық, аудандық, ауылдық музей бар,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына сілиеме жасап.

Жақында бұл тізім тағы бір мәдени орталықпен толықты. Ақмола облысының Родина ауылында әскери бағыттағы жаңа музей ашылған. Бір ерекшелігі, музейдің ашық аспан астындағы павильонында Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған ауыр әскери техника түрлері бар. Әскери-тарихи музей Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-пат­риоттық орталығының филиалы ретінде ашыл­ған. Негізгі музей Астана қаласында 2015 жылы жұмысын бастады, одан кейін Алматыда музей­дің екінші филиалы келушілерге есігін ашты. Родинадағы музей небәрі 1,5 жыл ішінде жасақталып, халық игілігіне беріліп отыр. Астанадағы Әскери-тарихи музейінің басшысы Дәулет Төлеутайұлының сөзінше, жаңа музейдің құрылуына ауыл тұрғындарының  еңбегі мол сіңіпті. 

Музей ашу үшін ауылдағы «Родина» агро­фирмасы мен тұрғындарының қолдауымен жұмыс тобы құрылған болатын. Басты күш – со­лар­дың еңбегі. Родина ауылы өткен ғасырдың 30-жылдары 31-нүкте деп пайда болған. Сол кезде елді мекенге саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған Ресей, Украина, Белорусь, Кавказ жерінен түрлі ұлт өкілі күштеп әкелінді. Бүгінде сол ха­лық­тың ұрпағы ауылда қалып, еліміздің гүл­денуіне үлес қосып жатыр. Сол әулеттердің му­зейге өткізген жәдігерлері ерекше құнды, – дейді Д.Төлеутайұлы.

Қазір музейде тұрақты, қосалқы жәдігерлер мен көшірмелерді қосқанда мыңға тарта бағалы экспонат сақтаулы. Олардың әрқайсының да мән-маңызы мен өзіндік орны бар. Музейге кірген бетте Родинаның ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда екенін түсіне қоя­сың. Ауылдың негізгі бренді – өндірілген дәнді-дақылдар мен сүт өнімдері. Осы детальдарға дейін халық назарына ұсынылған. Болашақта да музей ауыл тұрғындарының бұйымдарымен толығып, байи түседі.