Шымкентте Нұрлан Есенқұловтың «Әке үміті» атты шығармашылық кеші өтті

2 505

Фото: Шымкент қаласының әкімдігіШымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында айтыскер ақын, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Есенқұловтың қырық жасқа толуына орай «Әке үміті» атты мерейтойлық кеш өтті,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ұйымдастырылған рухани басқосуда өнер иесінің айтыс сахнасындағы жолы, сазгерлік қыры мен әдеби-музыкалық мұрасы кеңінен ашылды.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ айтысының өрісін кеңейтіп, әсіресе қыз бен жігіт айтысының шебері ретінде елге танылған Нұрлан Есенқұловтың шығармашылығында туған жер, ата-ана, махаббат пен елдік мұрат айрықша орын алады. Кештің шымылдығы ақынның арнауымен ашылып, ол өзінің сөзі мен әнін жазған «Қайтесің?», «Әке», «Анама», «Арыстың теміржолы» әндерін орындады, сондай-ақ Қанат Тасқанмен бірге «Жар іздеп жүрмін» туындысын шырқады. Әке мен анаға арналған әндер көрерменге сағыныш пен перзенттік парыздың ортақ үнін жеткізді.

Сахна төрінде ақынның әндерін танымал орындаушылар да жаңа қырынан ұсынды: Заттыбек Көпбосынов «Қайда жүр?», Наркенже Серікбаева «Ақ келін», Әділет Жауғашар «40 жас», Бекзат Сәкенұлы «Айнұрым», Айнұр Әбілда «Ақжүрек жаннан айналдым», Ғабит Шырынбеков «Сырға» әндерін орындап, айтыскерлер Карима Оралова, Анар Жаппарқұл, Нұрмұхан Жақыпбек пен Мейіржан Жақып әсем әнмен кеш көркін ашты. Айтыс бөлімінде Жұлдыз Қожабекова, Мөлдір Айтбаева және Алтынгүл Қасымбекова мерейтой иесімен әзіл мен тапқырлыққа толы сөз сайысын өткізсе, Жастар театрының актерлері ақын өлеңдерінен сахналық композиция қойды.

Арнайы келген Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай айтыстың ұлт руханиятындағы орнына тоқталып, Нұрланды «сегіз қырлы, бір сырлы» талант иесі ретінде жоғары бағалады, шапан жауып, ақ тілегін арнады. Өз кезегінде мерейтой иесі жетістігінің бастауында әкесінің тәрбиесі мен үміті, отбасы, ұстаздары мен халық қолдауы тұрғанын атап өтіп, кешті алғыс кеші ретінде қабылдайтынын жеткізді.

«Әке үміті» кеші ән мен жырды, әзіл мен айтысты бір арнада тоғыстырып, Нұрлан Есенқұловтың төл өнерге адалдығы мен көпқырлы болмысын айқындаған мазмұнды рухани кешке айналды.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.