Қызылордада тәулік бойы жұмыс жасайтын Президенттік кітапхана ашылуы мүмкін

2 599

Фото: АқордаҚасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, мәдениет пен руханият саласының маңыздылығына тоқталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы еліміздің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмей, рухани жаңғыру мен мәдени өрлеумен қатар жүруі керектігін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазіргі кезеңде жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, оқу мәдениетін дамыту және білім мен ғылымға қолжетімділікті кеңейту – стратегиялық басым бағыттардың бірі.

– «Білім мен мәдениет – ел дамуының басты тірегі. Біз рухани бай, мәдениетті ұлт болуымыз керек. Қазіргі жастарға сапалы біліммен қатар, терең мәдени тәрбие қажет. Бұл – елдің келешегін айқындайтын маңызды міндеттердің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы қызмет көрсететін екі Президенттік кітапхана салынып жатқанын мәлімдеді. Бұл заманауи нысандар тек кітап оқу орны ғана емес, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытатын рухани-ағартушылық орталық ретінде қызмет етпек.

– «Астана мен Алматыда тәулік бойы ашық болатын Президенттік кітапханалар салынып жатыр. Олар – жаңа буынның білім мен мәдениетке қолжетімділігін арттыруға арналған заманауи орталықтар. Болашақта осындай үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінде мәдениет пен өнер саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсету жалғасатынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет – ұлттың рухани келбетін айқындайтын, елді біріктіретін маңызды күш.

– «Өнер мен мәдениет – халықтың рухани қуаты. Біз тарихымызды, дәстүрімізді, тіліміз бен мәдениетімізді сақтай отырып, оны заман талабына сай дамытуымыз керек. Бұл – ұлттық бірегейлікті нығайтудың басты шарты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қызылорданың тарихи және мәдени әлеуетін де атап өтті. Қызылорда – қазақтың алғашқы астанасы, ұлттық мәдениет пен ағартушылықтың бастау алған өңірі екенін еске салды. Сондықтан мұнда Президенттік кітапхана ашу – өңірдің рухани мәртебесін арттырумен қатар, жастардың білімге деген құштарлығын күшейтетін маңызды бастама болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы – мәдениет пен білімнің ел дамуындағы стратегиялық рөлін айқындаған нақты қадам. Президент атап өткендей, мәдениетке қамқорлық – ұлттың келешегіне, жас ұрпақтың рухани байлығына инвестиция салумен тең.