Венеция биенналесінде Қазақстан павильоны ашылады

537
Қазақстан 2022 жылдың сəуір айында Венеция биенналесінде тұңғыш ресми павильонын ашады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Венеция биенналесіне Қазақстан атынан ORTA трансдисциплинар ұжымы қатысады. Ұжым жобасы атақты алматылық суретші Сергей Калмыковтың (1891- 1967) идеяларына негізделген.

Команда құрамында актриса Александра Морозова, режиссер Рүстем Бегенов, Дарья Джумеля, суретшілер Александр Бақанов пен Сабина Қуанғалиева бар.

«Венеция биенналесіндегі жеке ұлттық павильон – қазақстандық арт-сахнадағы көптен күткен оқиғаның бірі. Қазақстанның Венециядағы тұңғыш павильонында комиссар болу – мен үшін үлкен мəртебе. Өнерді бірінші кезекте коммуникация ретінде қарастыруға болады, ал Венециядағы ұлттық павильондар арқылы шартараптың даусын естуге, яғни бір көзқарасқа байланып қалмай, уақыт рухын сезіну мүмкіндігі бар. Бұл павильон əлем бойынша да, ел ішінде де қазақстандық заманауи өнерді қолдауға жəне таныстыруға арналған көптеген жобаның біріне айналады деп үміттенемін», – дейді Қазақстан павильоны комиссары Меруерт Қалиева.

Қазақстан 2005-2013 жылдар аралығында шараға Орталық Азия елдері павильоны аясында, ал одан кейінгі уақытта түрлі мəдени институцияның өз бетінше ұйымдастырған бастамалары шеңберінде қатысып келді.

Биыл Қазақстан тұңғыш ресми ұлттық павильонын таныстырады. Павильонды Қазақстанның заманауи өнер қоры Ə.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайымен серіктестікте, «Сəби» қайырымдылық қоры, Нұрлан Смағұлов қоры, G&G компаниясы, Маруся Асаубаева қорының қолдауымен жəне ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі қатысуымен ұйымдастырмақ.

Венеция биенналесі – ең беделді халықаралық көркемөнер көрмелерінің бірі. Ол 1895 жылдан бері 2 жылда бір рет Венецияда ұйымдастырылып келеді. Биеннале – əлем өнерінің даму бағытын анықтайтын оқиға. 59-биеннале 2022 жылдың 23 сəуірі мен 27 қарашасы аралығында өтеді.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.