Балалардың жазғы демалысына орай жылжымалы кітапханалар ұйымдастырылмақ

1 475

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов оқушылардың жазғы демалысында балалар театрлары қалай жұмыс істейтінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Республикалық театрлардың репертуарында жазғы демалыс кезінде «Сиқырлы терезе», «Туған күн», «Әріптер әлеміне саяхат», «Ойнайық және ойлайық» «Кішкентай Мук», «Қызық пілдің шытырман оқиғасы» сияқты спектакльдер мен қойылымдарды көрсету көзделген.


Н.Сац атындағы балалар театрында «SatsComUnity» балалар театр студиясы жұмыс істейтін болады.


1 маусым – Балаларды қорғау күніне мәдениет ұйымдары түрлі форматтағы мерекелік іс-шаралар дайындады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы театрда «Кішкентай ханзаданың оралуы» спектаклінің тұсаукесері өтеді», - деді министр.


Ведомство басшысы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шараларынан музейлер мен кітапханалар да шет қалмайтынын айтты.


«Еліміздің кітапханалары мен музейлерінде экскурсиялар, дәрістер және танымдық іс-шаралар жалғасады: белгілі қазақстандық суретшілердің, мүсіншілердің, өлкетанушылардың, археологтардың қатысуымен пленэрлер, «BookCrossing» акциясы, ал барлық ауылдық округтерде «Жылжымалы кітапханалар» ұйымдастырылады.

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Жазғы кино» бірегей жобасын бастайды. Оның шеңберінде классикалық және анимациялық фильмдермен қатар «Қазақфильм» киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген жаңа кинокартиналар тегін көрсетіледі», - деді Асхат Оралов.