Роза Бағланованың 100 жылдығына орай концерт өткізілмек

412
Нұр-Сұлтан қаласында   қазақтың сопрано дауысты әйгілі әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойлығына  концерт өткізілмек, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«Астана Опера» еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға – қазақтың сопрано дауысты әйгілі әншісі, Қазақстанның Халық әртісі әрі Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өтеді. «Асыл арман» мерейтойлық концерті 30 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда болады. Сондай-ақ ересектер мен ең жас тыңдармандарды «Мәңгі өшпес Амадеус» жаңа концерттік топтамасының премьерасы мен мазмұнды Балаларға арналған классикалық музыка апталығы күтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Халқының ерке қызы Роза Бағланова – бұл тұтас бір дәуірдің ұлттық нышаны: ол әлемдік деңгейдегі айтулы орындаушылармен бір сахнада қатар тұрып, халықаралық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің біразымен жеке таныс болды, Қазақстан композиторларының шығармашылығы мен қазақ халық әндерін әйгілеу мен дамытуға үлкен үлес қосты. Роза Бағланованың майдан даласында мерейін үстем еткен концерттері оның өмірбаянының өте елеулі кезеңдері болды. 1941 жылдың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алған, алайда соғыс басталып, ол майданға аттанды және әртістер бригадасының құрамында сарбаздардың алдында тура алдыңғы лекте өнер көрсетті, Берлинде Жеңіс концертіне қатысты, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкештілігі мен қайсарлығы үшін Роза Бағланова «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 

Өмірінің 70 жылын сахнаға арнаған Роза Бағланова шетелге сан мәрте гастрольмен барған, концерттермен 54 елде болған. Оның дарынының жан-жақтылығы ерекше таңданыс туғызады: әнші ретіндегі белсенді қызметінен бөлек, Роза Тәжібайқызы өзін кинода да сынап көрген, сондай-ақ қазақ тіліндегі өмірбаяндық кітаптың авторы атанды, – деді театрдың музыкалық кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Раушан Бескембирова

Сонымен қатар, әнші жайлы көптеген кітаптар жазылып, поэтикалық шығармалар өмірге келді, фильмдер түсіріліп, оның есімі «Кімнің кім екені» ағылшын-америкалық энциклопедиясының әлем әйелдері жайлы алғашқы санына енді.