Тарихи нысанның келбетін бұзғандар жазаланады
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Қапам ата жартасты мешітіне білгісіз біреулер пластик есік-терезе орнатып, тарихы маңызы бар ескерткіштің сыртқы көрінісіне нұқсан келтірген, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы өкілдерінің мәлімдеуінше, ХІХ ғасыр мұрасына жататын Қапам ата жартасты мешіті Таушық ауылынан 22 шақырым қашықта орналасқан. Нысан тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Мешіт жұмсақ жынысты жартас қабатын қашау арқылы тұрғызылған. 2025 жылы шілдеде тарихи-мәдени сараптама жүргізілген.
Вандализм дерегі анықталғаннан кейін Түпқараған ауданы әкімдігіне, сонымен қатар аудандық полиция бөліміне хат жолданған.
Алайда жарты жылдай уақыт өтсе де, жартасты мешіт әлі күнге дейін бастапқы қалпына келтірілмеген. Мамандардың Азаматтық кодекстің 244-бабына (Өз бетiмен салынған құрылыс) сүйеніп мәлімдеуінше, бұл міндет оған нұқсан келтірген адамдарға жүктелмек. Алайда тарихи ескерткішке пластик есік-терезе орнатқандар әлі күнге дейін анықталмаған.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 145-бабына (Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу) сәйкес, нысанға нұқсан келтіргендерге 10 АЕК-тен ( 43 250 теңге) 200 АЕК-ке (865 мың теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін.







