Түркі халқына ортақ тарихи-мәдени кешен

1 513

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚорқыт ата кешені – сәулет өнерінің айрықша үлгісі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Өлкеміздің киелі орны ғана емес басты туристік нысан. Ескерткіш түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт бабаға арнап салынған. Кешенге жақын Сырдарияның оң жағалауында Қорқыт атаның кесенесі болған үлкен қорым бар. Қорым бірнеше кезеңді қамтиды. Осы қорымға барар жолда аңыздарда кездесетін Ақсақ қызға арналған мұнара түріндегі ескерткіш тұрғызылған. Деректерге сүйенсек, Ақсақ қыздың да моласы осы тұста болған. Қорқыт ата ескерткіш-кешенінен оңтүстікке, сегіз жүз елу метрдей жерде Ақсақ қызға арналып кішігірім ескерткіш қойылған.


«Қорқыт ата» ескерткіш кешенінің авторы, сәулетші Бек Ыбыраев журналистерге берген бір сұхбатында: «...Аңыз бойынша, Қорқыт қайтыс болғаннан кейін Ақсақ қыз судың ортасында қалған Қорқыттың қобызын әкеліп, дарияның жағасына қояды. Жел соққанда қобыздың ішектері азалы үн шығарып тұрады. Содан Қорқыт атаның басына белгі тұрғызу туралы идея пайда болды...» дейді.Ал Қорқыт туралы айтылатын қазақ аңыздары өте көп. Оның бірі – «Қорқыт пен қырық қыз». Қазақтың аса көрнекті ғалымы Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» атты ғылыми-зерттеу кітабында ол былай айтылады. «Қорқыт қашан дүниеден көшкенше өлімге мойынсынбаған. Өлімнен қалай құтылудың емін іздейді, ылғи дүние кезіп жүрген. Бірақ қайда барса да, алдынан «Қорқыттың көрі» шыға берген. Қара жерде тұру қорқыныш бола берген соң, Қорқыт су үстінде тұрып көрейін деп, кілемін Сыр суының бетіне төсейді, қарындасын қасына алып, кілемнің үстінде отырып өмірге, еліне, жеріне арнап мұңлы күйлер тартады. Сарнап шыққан Қорқыттың қобызының даусын естігенде өзен бойында отырған елдер үйінде шыдап отыра алмайды. Олар тобымен өзеннің екі жағалауына жиналып, Қорқыттың күйін емірене тыңдайды. Қобыздың дауысы кешқұрым Сырдариядан алыс жатқан Арқадағы елдерге де жетеді. Қобыз дауысымен елегізген Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйін тыңдауға құмартып үйлерінен жүгіре шығады. Басында қобыздың даусы жақыннан шыққан сияқты еді, бірақ қыздар күндіз-түні жүріп жете алмайды. Бетпақтың шөліне кездеседі. Жол-жөнекей ел таба алмай, 39 қыз өкпесі өшіп өледі. Тек қырқыншы қыз аяғынан айырылып, Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі» дейді.


Тағы бір аңызға үңілсек, «Арқадан іздеп келген Ақсақ қыздан Қорқыт бір перзент көріпті» дейді. Бірақ күндіз-түні ажалдан қашып, қобызын сарнатқан Қорқыт баласы мен зайыбына көңіл бөле алмайды. Ал баласы мен зайыбы Сырдың жағасында өмірлерін өткеріп, Қорқыттың тілеуін тілеумен болады. Содан бала есейе бастағанда анасының бағып-қағып алдандырғанына місе тұтпай, қобыз тартып отырған әкесіне талпынуды шығарады. Уыздай білегін созып, бұлқына ұмтылып, неше түрлі қызық көрсете бастайды. Бұған Қорқыттың да жүрегі елжіреп, бауыры аяғының басына түскендей күй кешеді. Бірақ амал жоқ, қобызын тоқтатып, жағалауға шықса, ажал тұзағына ілігетінін біледі. Сонда Қорқыт баласына телміре қарап, көзі көріп тұрса да, емірене иіскей алмай, бауырына қысып мауқын баса алмай мұңаяды. Мұңая отырып баласын алдандыра жұбататын «әупбай-әупбай» күйін тартады. Осы көріністің куәсіндей болып ұрпақ есінде «Әупбай» күйі сақталған.


Қорқыт ата мазары шамамен IX-X ғасырларда ауданға қарасты Қорқыт стансасына үш шақырым жерде жатқан Қорқыт әулиеде тұрғызылған деген аңыз бар. Бұл мазар ХІХ ғасырдың соңында Ә.Диваевтің және И.Кастанье зерттеулеріне негіз болған. Бізге «Түркістан альбомы» жинағында жарияланған Ә.Диваевтің фотосуреттері арқылы жеткен. Оның сипаттамасы бойынша, құрылысы шикі кесектерден қаланған. Жоспары дөңгелек пішінді 6-8 қырлы күмбезді болып келген құрылыс. Қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Мазардың бұрынғы орнына қазіргі заманғы мемориалдық ескерткіш орнатылған.


Ал қазіргі кешеннің құрылысы 1980 жылы басталған. Авторлары – Б.Ибраев пен С.Исатаев. Ескерткішке 1997 жылы қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналдырылады. 2000 жылы кешен жанынан музей және әкімшілік ғимараты ашылады. Осы жылдан бастап облыстық музейдің филиалы ретінде қызмет көрсетіп келеді. 2014 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде кешеннің маңызды нысандары музей, қылует, амфитеатр, стела, қошқар мүсіні қайта жаңғыртылады.


Мұндағы ең маңызды нысан – стела. Ол қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, Қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Қошқар мүсіні – диаметрі 36,4 метрді құрайтын шеңберлі алаңда орналасқан. Мүсіннің ұзындығы – 165,5 см, ені – 85 см, биіктігі – 120 см. Қордай гранитінен қашалған мүсін – биіктігі 220 см бес деңгейлі тұғырға қойылған. Тұғырдың мүсін қойылған алаңқайының көлемі – 200х90 см. Қылует – оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйі. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Намаз оқитын бөлмеге баспалдақ арқылы түседі. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендер орындары тұйық шеңберленіп келеді де, сатылай көтеріле береді. Амфитеатрдың өлшемдері: 536 м2, астыңғы диаметрі: 6 метр, үстіңгі диаметрі: 25 метр. Музей – құрылымы бір қабатты, жоспары Г әрпі тәрізді. Өлшемдері 15,9х14 метр. Ғимарат 3 экспозициялық залдан тұрады. Музей қорында 700-ге жуық экспонат сақтаулы. Қазіргі таңда Түркі әлеміне ортақ тұлғаның қазақ топырағында орналасқан кешеніне жаһан жұрты қызығушылық танытып отыр.


Бүгінде кешен түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші туристік нысан болып табылады. Тіпті кешенге арнайылап келетін қонақтар да жетерлік. Жыл он екі ай қызмет көрсетуге дайын кешеннің қызметкерлері келген қонаққа Қорқыт бабаның даналық сөздері мен түрлі әпсаналарды айтудан жалыққан емес.


Жалпы қазақ даласында Қорқыт есіміне қатысты архитектуралық бірнеше ескерткіш бар. Соның ең айшықтысы – аудан орталығы Жосалы кентінен 18 шақырым жерде орналасқан осы мемориалды кешен. Одан бөлек, Қызылорда қаласының орталығында Сырдария өзенінің жанына Желмая мінген Қорқыт ескерткіші қойылған. Қызылорда университетіне Қорқыт ата есімі берілген. Осы университеттің құрылымында Қорқыттану орталығы жұмыс жасайды. Қорқыт атында Қызылорда, Алматы қалаларында көше бар.

Түптеп келгенде, қазақ халқының ғасырдан-ғасырға ұштасқан тарихи мұрасын сақтау, өткені мен бүгінін жақындастырып байланыстыратын құнды жәдігерлерді қорғау және жас ұрпақтың өздерінің тарихын жете білуіне ұйытқы болу – бүгінгі біздің басты міндетіміз бола бермек.


Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА