Елордада тарихи кітаптардың тұсауы кесілді

430
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, профессор Ержан Исақұловтың «Шынгыз хан», араб, парсы, көне шағатай тілдерінің білгір маманы Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтің «Ұлы түрік тарихы» еңбектерінің тұсауы кесілді , - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ата тарихымыздың қатпары қалың, жұмбағы мол түркілік және Шыңғыс хан кезеңдері жайлы сыр шертетін қос еңбектің тұсаукесері жоғары деңгейде өтті. Тұсаукесерде сөз алған белгілі тарихшылар мен ғалымдар аталған еңбектердің мән-маңызы мен өскелең ұрпаққа беретін тағылымдық әсері туралы әр тараптан сөз қозғады. Еңбек авторларына шығармашылық табыс тілеп, қазақ тарихына берері мол, бедері айшықты сүбелі туынды қосылғанымен құттықтады. 

«Шынгыз хан» кітабының авторы Ержан Исақұловтың айтуынша, моңғол кезеңіне дейінгі және онан кейінгі кезеңдер туралы өте сенімді деректер мен мағлұматтар ұсынатын ұлы ғалым Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің негізінде өмірге келген.
Бүгін тұсауы кесілген қос еңбектің де басты кейіпкері – Шыңғыс хан. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған алып империя Еуразия кеңістігінің геосаяси және геомәдени келбетіне үлкен өзгерістер әкелді. Осы кезеңге сансыз еңбектер мен зерттеулер жазылғанымен, талас тудыратын немесе жете зерттелмеген мәселелер әлі де баршылық. Рашид ад-Диннің еңбегінің негізінде дүниеге келген бұл еңбекте аса құнды ортағасырлық деректер, моңғол әлемінің этно-демографиялық алғы тарихы жайлы мәліметтер жинақталған. Кітап ұлтымыздың рухын көтеріп, жастарымызды еліміздің ертеңі үшін жан аямай еңбек етуге баулиды деп ойлаймын, – деді кітап авторы.
Сан ғасырлардан бері Ұлы далада өмір сүріп, тіршілік еткен түркі халықтарының, олардың қатарында кейіннен қазақ деп аталған халықты құраған ру-тайпалардың шығу тегі, дамуы, тіршілігі, тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері, мекенжайлары мен атақоныстары, олардың бір-бірімен қарым-қатынастары, қол жеткізген ұлы жетістіктері туралы әңгімелейтін «Ұлы түрік тарихы» еңбегінің авторы Зәріпбай Оразбай өзінің осы еңбекті дайындауда әлем ғалымдары мен тарихшылары мойындаған әйгілі парсы және араб тіліндегі дереккөздерге көбірек мойын бұрып, бұған дейінгі жаңылыстар мен бұрмалауларға түзету жасағанын айтады.


«Ұлы түркі тарихы» кітабы М. Әуезов атындағы университеттегі түркітану ғылыми-зерттеу орталығының арнайы жобасының негізінде дайындалды. Кітапқа араб, парсы тілдерінде хатқа түскен, шынайы тарихымыздың терең қойнауынан сенімді мәлімет беретін «Жамиғ ат-тауарих», «Зафрнама», «Михман нама-и Бухара», т.б еңбектердегі деректер негіз болып отыр. Кеңестік кезеңде тарихымыз бұрмаланып, ол санамызға сіңірілді, шынайы тарихымызбен енді-енді қауышып жатырмыз. Мысалы, осы кітапта тарихта өткен 200-ден астам ұлы қолбасшымыздың аттары келтіріліп, өмірлік ерліктері жайлы сөз қозғалады. Ғылыми қауымдастық үшін де, жас ұрпақ үшін де айтары бар еңбек болады, – деді Зәріпбай Оразбай.

Игілікті шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті тарихшылар мен ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.