"5 млн теңге беріледі", - «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпазына қандай жүлде тағайындалғаны анықталды

613

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы байқауына 150-ден астам шығарма келіп түсті. Өтінімдер 1 қазанға дейін қабылданады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Фото. Zakon.kz

«Биыл 15 маусымда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылар, журналистермен кездесіп, елімізде тұңғыш рет осы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалатынын жариялаған еді. Содан бері екі ай өтті, енді бізде бір ай мерзім қалды. Ұлттық әдеби сыйлықта «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап» номинациялары бар. Әр аталымның жеңімпазына 5 млн теңгеден жүлде тағайындалған. Сонымен бірге «Үздік комикс» және «Үздік кітап» номинациялары алғаш рет өткізіліп отыр», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Орталық коммуникациялар қызметінде.


Байқауға өтінімдер aiboz@kitap-palatasy.kz электронды мекенжайына 2022 жылғы 15 маусымнан 1 қазанға дейін қабылданады.

«Мұндағы басты талап – жаңа дүниелер ғана қабылданады, шығарма бұрын-соңды еш жерде, әлеуметтік желілер мен газет-журналдарда жарияланбаған болуы тиіс. Екі айда байқауға 150-ден астам еңбек келіп түсті. Көптеген еңбектердің құжаттары дұрыс болмағандықтан, оларды қайтарып, түзетіп қайта жіберуге мүмкіндік беріп жатырмыз. Сұраныс өте көп, бір автордан 4-5 еңбек келетін сәттер де бар. Қызығушылық танытқандар күн сайын арнайы телефонымызға хабарласып жатыр. Негізгі еңбектердің бәрі қыркүйек айында келеді деп ойлаймыз», - деді Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов.


Сонымен бірге, спикердің айтуынша, байқауға қатысушылардың жасына еш талап қойылмайды. Әр номинацияда бір ғана жеңімпазға 5 млн теңге табысталады.

«Мысалы жақында 13 жасар бала хабарласып, өз шығармаларын жіберді. Әрине, біз оған рұқсат еттік. Біздің байқауға 13 жасар баладан Мемлекеттік сыйлық лауреаты болған кісілер де қатысып жатыр. Негізінен проза, поэзия, балалар әдебиеті жанрларына өтінім көптеп түсуде, кітап дизайны бойынша да қатысушылар көп, комикстер әзірге аз», - деді Әділ Қойтанов.


Айта кетейік, әдеби сыйлық жеңімпаздарға жыл соңында тапсырылады. Конкурс нәтижесінен соң жеңімпаздардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.

Байқаудың толық ережесі мен тұжырымдамасы http://kitap-palatasy.kz/ сайтында жазылған.