Ғасырлар куәсі атанған мәдени орындар

282

Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралап, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 

1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы «18 сәуір – тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғаудың Халықаралық күні» деп бекіткен болатын.

Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО-нің тізіміне енгізілген.


Аудан көлемінде 86 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған, олардың 6-ауы республикалық, 42-сі жергілікті маңызы бар объектілер.
Ал 38 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген. Археологиялық ескерткіштер – 43, сәулет және қала құрылысы ескерткіштері – 43.
Баршамызға мәлім еліміздің егемендік алғанына 30 жылдан асты. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Осы уақытқа дейін қол жеткізілген барлық табыстар бір төбе. Оның айғағы ұлттық тарихымызға, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне біршама бет бұрыстар жасалып, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен­ «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи маңызды бағдарламалар қолға алынып, игі жұмыстар атқарылды. Осындай жұмыстардың бір парасы ауданда да жалғасын тауып жүзеге асырылуда. Атап өтер болсақ, аудандағы тарихи және мәдени мұраларымыздың саны артып, 86 ескерткіштің 75-іне облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен арнайы мемлекеттің қорғауында екендігін білдіретін нұсқадағы қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделді.


Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтарын белгілеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстар ауданда 2014 жылдан бері қолға алынып, бүгінде 20 ескерткіштің құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары белгіленді.


Қазіргі уақытта осы қорғау аймағы бел­гіленген бір ескерткіш – Қорқыт ата атындағы ескерткіш кешен толығымен қоршалды.


Қайта жаңғырту және реконструкция жұмыстары бойынша 2013 жылдан бері облыстық, аудандық бюджет есебінен аудан көлемінде 4 ескерткіш қайта жаңғыртудан өтті. Олар: Қорқыт ата атындағы ескерткіш кешені, Марал, Қалқай ишан кесенелері мен Ә.Егізбаев бюстіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қызылорда облысының тари­хи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңестің шешімімен 2014 жылы облыстық бюджеттен алғаш рет аудандағы Шірік-Рабат қалашығына археологиялық қазба жұмыстары бастау алса, жыл са­йын Шірік-Рабат, Сортөбе І, Сортөбе ІІ, Бәбіш Молла қалашықтарына да осындай жұмыстар жалғасын тауып жүргізілуде. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.


Қазба жұмыстары аясында маңызды мәдени нысандар аршылып, Сыр өңірінің археологиясы тың деректермен толық­тырылуда. Қазіргі уақытта қазба жұмыстарымен ғана шектелмей, аршылған нысандарды сақтау, қалпына келтіру шаралары қоса жүргізіліп, табылған құнды жәдігерлер аудандық, облыстық музей қорына жинақталуда.


Облыс әкімдігі жанындағы Кеңестің шешімімен жүзеге асырылып жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі – Сыр өңірінің бірқатар ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу.
Орта Азияның 4 елі – олар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан респу­бликаларының ескерткіштерін «Жібек Жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» серия­лық трансшекаралық номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу ұсынылуда.


Осы номинацияда Қазақстан Рес­публикасы бойынша 16 нысан болса, оның 8-і Қызылорда облысының ескерткіштері. Оның 4-еуі ауданымызда орналасқан.

Олар – Бәбіш Молла, Шірік-Рабат, Баланды қалашықтары және Жетіасар мәдениеті ескерткіштері. Бұл ескерткіштердің ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілу жұмыстары пысықталуда.

Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы аясында қасиетті орындарды сандық форматқа көшіру және әлеуметтік желі қолданушыларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, аудан бойынша киелі жерлердің 3D форматта интерактивті картасы да­йындалып, ескерткіштердің аэрофото, картографиялық, географиялық түсірілімдері жасалды. Сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код тақтайшасы орнатылып, қо­нақтар мен туристерге тарихи орындар туралы толық ақпарат алуына мүмкіндіктер туды.


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша ауданнан «Жалпы халықтық қасиетті нысандар тізіміне: Қорқыт ата атындағы ескерткіш кешені, Шірік-Рабат қалашығы енгізілсе, ал «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне: Бәбіш Молла қалашығы, Баланды ІІ кесенесі, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері, Қалқай ишан мазары, Марал ишан мазары, Сырлытам кесенесі, Сейтпенбет әулие кесенесі, Жәрімбет әулие қорымы, Қармақшы ата қорымы (көктастарымен), Түгіскен І-ІІ жерлеу кешендері және Байқоңыр ғарыш айлағы тізімге енгізілді.


Ендігі кезектегі міндетіміз – осы нысандарды жас ұрпаққа, мектеп оқушылары мен жастар арасында насихаттау, туристік нысанға айналдыру бағытындағы шараларды кешенді түрде ұйымдастыру. Осы орайда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен өңірдің қасиетті орындары – Қорқыт ата атындағы ескерткіш кешеніне, Сортөбе қалашықтарына саяхат, ақпараттық турлар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуда.


«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында «Ескерткіштер – ғасырлар куәсі» тақырыбында «Жыраулар үйінің» үйірме шәкірттерінің қатысуымен Қорқыт ата атындағы ескерткіш кешеніне, Сортөбе қалашығына тарихи-мәдени экскурсия ұйымдастырылса, білім беру ұйымдарын қатыстыра отырып, «Рухани құндылық – ұлт қуаты» атты тарихи танымдық сабақтар жүргізілді.


Еліміздің тарихын қайта жаңғырту және төл мәдениетіміздің озық үлгілерін жұртшылық назарына ұсыну мақсатымен «Qyzylorda» телеарнасының «Туған өлке» бағдарламасына «Қар­мақшы ата» мазарының тарихи­ маңыздылығы, «Тұрмағамбет» ескерт­кіші, Қасиетті орындар тізіміне енгізілген «Жетіасар мәдениеті» ескерткіштері, «Баланды ІІ» кесенесі, «Қорқыт ата қорымы», «Жәрімбет», «Сейтпенбет» әулиелер туралы арнайы бағдарламалық деректі фильмдер топтамасымен телекөрермендерге ұсынылып, сұқбаттар берілді.


Сондай-ақ ауданның тарихи-мәдени мұраларын пайдалану мен қорғау бағытында Қармақшы ауданы әкімдігі жанында «Аудан аумағында жаңадан ескерткіштер мен белгілерді қоюды реттеу жөніндегі» аудандық комиссия жұмыс жасайды.


Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға ұштасқан тарихи мұрасын сақтау, өткені мен бүгінін жақындастырып, байланыс­тыратын құнды жәдігерлерді қорғау – бүгінгі біздің басты міндетіміз. Аудан көлеміндегі тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау, насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын табатын болады.