Қазақстан Каспий арқылы тауар экспорттауды 6,5 есе арттырды

412
Қазақстан Ресей арқылы металл тасымалдауды азайтып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша көбірек экспорттай бастады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасаған LS агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында Қазақстанның Ресей арқылы экспорты 7%-ға өсті. Қазақстандық өнімді жеткізудің жалпы құрылымында осы ел арқылы жүк тасымалының үлесі 25%-ды құрайды.

Десе де, еліміз Ресей арқылы қара металдарды, химиялық заттар мен сода, түсті металдар, химиялық және минералды тыңайтқыштарды аз тасымалдай бастаған.

"Қара және түсті металдар тасымалы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша, сондай-ақ Қытай, Өзбекстан және Ауғанстанға қайта бағытталды. Украина бағытында химиялық заттар мен сода, химиялық және минералды тыңайтқыштарды тасымалдау тоқтатылды, экспорт қайта жанданбады", - деп түсіндірді ведомство.

Министрлік қазақстандық өнімнің экспорты Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 10 айда 6,5 есе өскенін атап өтті. Металдардан басқа, мұнай өнімдерін тасымалы артты.

Импортқа келсек, Ресей арқылы жеткізілім көрсеткіштері өзгеріссіз қалды. Десе де, бұл ел арқылы Қазақстанға құрылыс жүктері, астық және қант өнімдері аз әкеліне бастады.

Сауда министрлігі мұны құрылыс материалдары Өзбекстаннан, астық – Ресейден, қант өнімдері – Латвиядан, Әзірбайжаннан және Өзбекстаннан әкелетіндігімен түсіндірді.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы импорт 91%-ға өсті. Ең үлкен өсім – химиялық заттар мен сода, қара металдар, шырындар мен сусындар тасымалында.