Елімізде бірқатар мамандық иелерінің жалақысы мен шәкіртақы өседі
582
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Еңбек кодексі бойынша биыл әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің еңбекақысы өседі, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын ұйымдар қызметкерлердің жалақыларын арттыру мәселесін қайта қарайды.Ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап президенттің тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждер педагогтарының, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға артады.
Премьер-министр сайтында жалақылар мен әлеуметтік төлем, стипендиялардың өсетіні жарияланған.
Педагогтердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25%-ға, 2022 жылғы қаңтарда тағы 25%-ға өсті. Осылайша, мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.
"Сонымен қатар, мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-на дейін), магистр дәрежесі үшін, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптерлерді тексеру, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін қосымша ақылар", – деді ҚР ЖП қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің болуына, жұмыс өтіліне, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.
2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысын 30%-ға, яғни 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің айлығын 20%-ға, 250 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделген.
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап ЖОО студенттерінің стипендиялары 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 15%-ға көтеріледі.
ҚР Қарулы күштері әскери қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 2023 жылы орта есеппен 60%-ға артады. Сондай-ақ, ҚР Қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға арттыру күтілуде. Үкімет 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әк және Ұлттық ұланның ұшу құрамының лауазымдық жалақысын көтеруді, әскери медицина қызметкерлерінің ақшалай үлесін азаматтық медициналық мекемелердегі медицина қызметкерлерінің жалақы деңгейіне жеткізуді, жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын азаматтық ЖОО деңгейіне дейін көтеруді мақұлдады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы 10-70%-ға артады. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ең төменгі жалақысы – 2023 жылдан бастап шамамен 180 мың теңге.