Қазақстан пияз экспортын 3 айға тоқтатты

142

Қазақстан пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылдады,- деп хабарлайды  "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстаннан пияздың жаппай экспортына жол бермеу және оның бағасын тұрақтандыру мақсатында 3 ай мерзімге пияз экспортына тыйым салу туралы шешім қабылдады.


Министрлікте түсіндірілгендей, үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген  сұранысы Азиядағы және әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты. Бұл елдегі су тасқыны пияз бағасының жаһандық өсуіне, соның ішінде біздің республика нарығына сұраныстың артуына себеп болды.

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы еліміздегі пияз дақылы 1,1 миллион тоннаны құраған. Қазақстандықтар незігзі пияз өндірісінің 315 мың тоннасын ғана тұтынады.


“Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінде республика бойынша расталған пияз қоры 152,4 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылғы жалпы өнім көлемінің 14 пайызы ғана. Бұл көлемдер жаңа өнім алғанша жеткілікті, сондықтан енгізілген экспорттық шектеулер қалған пияздың барлығын Қазақстаннан экспорттау қаупін жояды”, – деп түсіндірді ауыл шаруашылығы министрлігі.


Айта кетерлігі, республикада пияздың көтерме бағасы әлі де келісіне 150-170 теңге аралығында болса, көршілес Ресей мен Өзбекстанда бұл баға 240 теңге шамасында бекітілген. Бұған қоса, Qaztrade мәліметінше, Өзбекстан мен Тәжікстан өз елдерінде пияз экспортына шектеу қойып үлгерген.

"Үкімет жақын арада нарықтағы жағдай жақсарса, барлық шектеулерді дер кезінде алып тастау үшін елдегі және әлемдегі жағдайды жіті қадағалайды. Шаруалар үшін пияз экспортына тыйым салудың жағымсыз салдарын барынша азайту үшін қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден ӘКК арқылы тұрақтандыру қорларына пияз сатып алудың түрлі тетіктері, сондай-ақ сауда желілері арқылы айналым схемасымен жүзеге асырылуда", –  деді министрлік.