Шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 48,6 млрд теңге салық төледі

2 518

Коллаж: Амангелді Қияс, «EQ»Биыл Қазақстан бюджетіне шетелдік интернет-компаниялардан 48,6 миллиард теңге қосымша құн салығы (ҚҚС) түсті. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2022 жылдан бастап елімізде шетелдік цифрлық қызмет көрсетушілерге ҚҚС салу тәртібі енгізілген болатын. Сол уақыттан бері олар жалпы 118,4 миллиард теңге көлемінде салық төлеген.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында интернет арқылы қазақстандықтарға тауар немесе қызмет көрсететін 118 шетелдік компания 12% ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген. 2025 жылы олардың қатарына тағы 20 ірі компания қосылды. Олардың ішінде:

  • Chess.com – халықаралық шахмат платформасы;
  • OpenAI – ChatGPT жасаушысы;
  • Canva Pty Ltd – онлайн-дизайн құралы;
  • Microsoft Ireland Operations Limited – Microsoft корпорациясының еуропалық бөлімшесі;
  • Canyon Bicycles GmbH – неміс спорттық велосипед өндірушісі.

2025 жылы ең көп салық төлеген компаниялардың үштігіне Valve Corporation (8,6 млрд теңге), Apple (8 млрд теңге) және Temu (6,2 млрд теңге) енді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, цифрлық қызметтерге салық салу тәжірибесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарына толық сәйкес келеді.

«Мысалы, Өзбекстанда шетелдік цифрлық сервистерден 12% ҚҚС 2020 жылдан бері алынады, Қырғызстанда – 2022 жылдан, ал Ресейде 2024 жылы мұндай салық мөлшерлемесі 18%-ға жетті. Бұл тәжірибе цифрлық экономиканың дамуына бейімделу және ұлттық мүдделерді қорғау мақсатында енгізілген», – деп мәлімдеді комитет.