Еліміздің мемлекеттік қарызы 25 трлн теңгеден асты

1 844

Сенат отырысында депутат еліміздің қарызын төлеу қиындап бара жатқанын жеткізді, деп хабарлайды ақпарат Opennews.kz агенттігі. 

 

Шәкәрім Бұқтұғұтов жоғары аудиторлық палата мен қаржы министрлігінің өкілдеріне сұрақ қойды. Оның айтуынша, жыл басындағы жағдай бойынша сыртқы қарыз сомасы - 7,8 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде бестен бір бөлігі немесе  21% – Халықаралық Қайта Құру және даму банкі қарыздары болса, Азия Даму Банкінің қарыздарының үлесі 6% (908 млрд.теңге), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қарыздарының үлесі-4% (326 млрд. теңгені) құрайды.

 

Сонымен қатар, бізде ішкі қаржыландыру көздері бар зейнетақы қорында шамамен 15 трлн теңге, екінші деңгейдегі банктерде - 14 трлн. теңге.


Ал 2023 жылы қарыздарды өтеу және жабуға жұмсалатын қаражат – жалпы шығынның 20,5% құраған. Былтыр 1 қаңтарда мемлекеттік қарыз көлемі 21,9 трлн теңге болса, биылғы 1 қаңтарда 25,3 трлн теңгеге жеткен. Есеп комитеті 2050 жылға қарай мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 45% құрауы мүмкін екенін ескертеді. Мәселе қалай реттеледі?, - деп сұрады ол.


Бұл сұраққа жауап берген жоғары аудиторлық палата өкілдері жыл сайын мемлекеттік қарыз бойынша есеп берілетінін, биыл кешенді талдау жүргізілетінін айтты. Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қарыз мәселесі үкіметтің негізгі көкейкесті мәселелердің бірі екенін айтады.


Неге қазір бұл мәселе көтерілді? Дүние жүзінде инфляция, тиісінше базалық мөлшерлеме де жоғары. Қазір сырттан қарыз алу бюджет үшін қымбат. Әрине инфляция төмендегеннен кейін бұл жүктеме азаяды. Екіншіден біздің қандай резервіміз бар. Біздің бюджет тапшылығын бірте-бірте азайту керек. Биыл біз 3,2 трлн теңге бюджет тапшылығын қалдырдық. 5,7 трлн теңге тартуымыз керек. Бірте-бір осы шығынды азайтамыз, - дейді ол.